Қаржы мониторингі агенттігі блогер Just King қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты

Фото: instagram.com/justking31
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов белгілі блогерлер Жанәбіловтер мен JustKing отбасына қатысты тергеулер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Жанәбіловтер отбасына келcек, 15 қыркүйекте сот қаулысы шықты. Ол шыққан кезден бастап он тәулік ішінде заңды күшіне енеді. Бүгінде бізге материалдар келіп түскен жоқ. Алайда олар берілгеннен кейін біз қаулыны зерттейміз. Егер онда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, іс тіркеледі, тергеу басталады, тиісті құқықтық баға беріледі", – деп түсіндірді Елемесов.
Оның айтуынша, агенттіктің басты бағыты қаржылық пирамидалар, онлайн казино, вейптердің заңсыз саудасы және кейбір микроқаржы ұйымдарының қызметі болып қала береді, осының бәрі халыққа үлкен зиян келтіреді.
"Онлайн казино, өздеріңіз білетіндей – ауру, тәуелділік, оны жеңу өте қиын. Сондықтан біз ұйымдастырушыларды ғана емес, осындай қызметтерді жарнамалайтын тұлғаларды да жауапқа тартуды қолдаймыз. Жауапкершілік шараларына және заң нормаларына келcек, қазір ол мемлекеттік органдар арасында талқыланып жатыр. Азаматтар бізді қолдайды деп ойлаймын, өйткені көптеген отбасылардың шаңырағы осындай тәуелділікке түскендіктен шайқалады", – деді агенттік төрағасының орынбасары.
Жеңіс Елемесов Just King атты блогерге қатысты да жауап берді.
"Оларда тиісті табыс бар ма және одан салық төленген бе, соны анықтау қажет. Бұл мәселелер қазір зерттелуде. Біз бұл материалдарды қарап, құқықтық баға береміз. Яғни Қаржылық мониторинг агенттігі салықтардың төленгенін тексеріп жатыр. Иә, тиісті уәкілетті органдар бұл іс бойынша материалдарды қайта қайтарып алды, өйткені 14 қыркүйекте, қателеспесем, қайтадан жарнама орналастырылған. Осыған байланысты қандай жауапкершілік туындауы мүмкін екенін түсіну қажет", – деп қосты Елемесов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда Instagram Justking31 атымен танымал блогер Нұртаза Нұрбек заңсыз лотерея қызметін ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған еді. Оған 300 АЕК (1 179 600 теңге) айыппұл салынды. Блогер кінәсін толық мойындап, айыппұлды төледі.
Бұдан бұрын сот Ерболат Жанәліов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік істерді қысқарту туралы шешім шығарды. Олар бұл шешімге шағымданбақ. Сондай-ақ істері қайта тергеуге жолданған ерлі-зайыпты блогер Жанәбіловтерді қандай жаза күтіп тұрғаны туралы жазған едік.
“Қазақ әйелін аяққа таптайды, байлар жарысады: Тоқал алуды заңдастырудың соңы неге әкеп соғады?