Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайрат қорының су тасқынына кеткен 1,4 млрд теңге шығыны құжатпен расталмаған – Прокурор

Перизат Қайрат ісі бойынша прокурорларФото: informburo.kz

Прокурор Мадина Оразалина 2024 жылғы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған қаражаттан 1,4 миллиард теңге көлеміндегі шығындар құжатпен расталмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаеваға қатысты қылмыстық істің үшінші эпизоды 2024 жылғы су тасқыны кезінде қазақстандықтарға көмек ретінде қаражат жинау мәселесі қаралды.

Прокурордың айтуынша, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының шоттарындағы ақша қозғалысы талданып, 2024 жылғы 1 қаңтар мен 8 қазан аралығында жалпы 3,3 миллиард теңге түскені анықталған. Соның ішінде:

•    су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық және гуманитарлық көмек ретінде – 3,2 миллиард теңге;
•    Газа секторы мен Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек – 6,6 миллион теңге;
•    өзге де көмектер – 10 миллион теңге.

Алайда, прокурордың мәліметінше, су тасқынына қарсы шараларға 2,9 миллиард теңге жұмсалғанымен, оның 737,7 миллион теңгесі ғана бухгалтерлік құжаттармен расталған.

“2,3 миллиард теңге көлеміндегі шығындардың ішінде 141 миллион теңге сомасында ақша Перизат Қайрат басқаратын қоғамдық бірлестікке жақын, туыстық байланысы бар тұлғаларға аударылған. Атап айтқанда, Ғайни Алашбаеваға 72 миллион теңге, ол бұл қаржыға СҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккендерге тұрмыстық техника жеткізген. Сонымен қатар жеке кәсіпкерге 146 дана тұрмыстық техника үшін 69 миллион теңге төленген”, – деді прокурор Оразалина.

Оның айтуынша, Перизат Қайрат қолма-қол ақша ретінде 172,4 миллион теңгені шешіп алған.

“Банктік шоттардағы операцияларды, деректер базасын, электронды шот-фактураларды талдау негізінде активтерді шығару мақсатында жүргізілген күдікті мәмілелер, аффилиирленген және бақылаудағы контрагенттермен өзара есеп айырысулар анықталды. Ал 1,8 миллиард теңге көлеміндегі шығындар бастапқы бухгалтерлік құжаттармен мүлдем расталмаған”, – деді прокурор.

Перизат Қайрат сотта Biz Birgemiz қорына Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің қатысы бар екенін мәлімдеді


"Тергеушілердің қиялы үшін жауапты емеспін": Перизат Қайрат қаражат жымқыру және ысырап ету айыптарын мойындамады


Еске салайық, бұған дейін Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Перизат Қайраттың сотында "Асар-Үме" қорының президенті Асхат Нұрмашев куәлік берді. Ол қордың 2023 жылы Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде Перизат басқаратын "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына 200 миллион теңге аударғанын растады. Ақша Газаға көмек ретінде жіберілгенімен, нақты есеп пен құжаттар ұсынылмаған. Перизат Қайрат тарапынан тек ауызша уәделер болған. Нұрмашев кейін бұл мәліметтердің жалған екенін түсінгенін айтты.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 21:53
Талқылау