Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда құны миллиардтаған теңгеге салынып жатқан көпірден бір күнде екі рет өрт шықты

Фото: ТЖД

Павлодарда Ертіс өзені арқылы салынып жатқан автомобиль көпірінен өрт шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 31 қаңтар күні кешке болған. Оқиға орнынан түсірілген видеоларды әлеуметтік желілерде куәгерлер жариялады. Кадрлардан көпірдің бұрыннан тұрғызылған бөлігінің бірін жалын шарпығаны көрінеді.

Павлодар облыстық "ҚазАвтоЖол" филиалының мәліметінше, өрт сағат 20:10-да Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы автожолының бір учаскесіндегі №4 тіректе болған.

"№4 тіректе орнатылған жылулық тент-қаптама жанған. Өрт сағат 20:50-де ТЖМ күштерімен жедел түрде сөндірілді. Өрт аумағы 60 шаршы метрді құрады", – деп түсіндірді компанияда.

Алдын ала деректер бойынша, өрттің шығуына сол сәтте көпір тірегінде жүргізіліп жатқан арматура қаңқасын дәнекерлеу-монтаждау жұмыстары себеп болған.



Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер жалынның таралуына жол бермеген.

"Өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Қиын жағдайларға қарамастан, өрт сөндірушілер үйлесімді әрі жедел әрекет етіп, отты қысқа мерзімде бақылауға алып, толықтай сөндірді", –  деп атап өтті ведомство.

Екінші күні өрт қайта шықты

1 ақпан күні шамамен сағат 10:30-да дәл осы көпірден қайта өрт шықты. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" компаниясы хабарлады.

"Павлодар қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылыс нысанында, Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолының бойында (1381-шақырым, №5 тірек) көпір аралығын жабуға арналған жылу тентінен түтін шығып, шағын өрт тіркелді", – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Компанияның нақтылауынша, бұл учаскеде қазір ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Жұмыстар 31 қаңтарда №4 тіректе болған осындай оқиғадан кейін тоқтатылған.

"Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, өрт ошағы жойылуда. Аталған дерек бойынша ішкі тексеріс жүргізілуде", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Жаңа автомобиль көпірінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Нысан Ертіс арқылы өтетін, пайдаланылып келе жатқанына 60 жылдан асқан ескі көпірдің орнына салынуда. Жобаның құны ондаған миллиард теңгеге бағаланып отыр.

STAN.KZ
Жексенбі, 01 Ақпан, 2026 08:02