Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда күрделі операциялар жасаған кардиоорталық директоры жұмыстан қуылды 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Павлодар облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Әділжан Әлбазаровпен арадағы келісімшартты бұзды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әділжан Әлбазаров. Фото: Павлодар облыстық кардиологиялық орталықтан

"Денсаулық сақтау басқармасының ынтасымен кардиоорталық директорымен келісім-шарт бұзылды. Оның себептері бар. Ішкі аудит қызметі кардиоорталықта тексеріс жүргізіп, бірқатар қаржылық заң бұзушылықтарды анықтады. 

Директор тексерістің нәтижесімен таныстырылды. Кейін бұл материалдар экономикалық тергеулер департаментіне жіберіліп, ашық қылмыстық тергеу басталды", – деді Павлодар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Айдар Сейітқазинов баспасөз конференциясында.

Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, келісім бұзылғаннан кейін Әділжан Әлбазаровқа хирург ретінде жұмысын жалғастыру ұсынылды, алайда ол бас тартты. 

Сейітқазинов Әділжан Әлбазаровтың таптырмас хирург екенін мойындады. Алайда басшы ретінде әлсіз екенін айтты. Мәселен, құны 400 млн теңге тұратын антиограф құрылғысы Екібастұздан кардиоорталыққа бір жыл бұрын жеткізілген, алайда әлі күнге дейін іске қосылмаған. 

Өткен жылдың соңында кардиоорталық әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көмек көрсету бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысу бойынша құжаттарды уақытында рәсімдемеді. Салдарынан байқауды қайта ұйымдастыруға тура келген. Әйтпегенде науқастар медициналық көмексіз, ал орталық қызметкерлері жалақасыз қалар еді. Жағдай реттелгенімен, медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемеге лицензиясыз қызметті жалғастырғаны үшін айыппұл салды. Ақша бөлінсе де, орталықта жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Орталық жетекшісі жіберген ағаттықтар тізімі мұнымен де бітпейді. 

Тәжірибелік дәрігерлерді медицина мекемесіне басшы етіп қою дұрыс па деген журналистер сауалына Айдар Сейітқазинов бұл істің жақсы сабақ болатынын, енді тыңғылықты жұмыс атқарылатынын айтты. Әркім өз ісімен айналысуы керек. 

Орталықтың құрылуына көп күш салған және кейін директор болған Ораз Мұқашев жемқорлық қылмысы үшін сотталған. Оның ізбасары, танымал кардиохиурург Әділ Дюржанов бірқатар заң бұзушылықтар жасады деп айыпталып, ақырында ол декреттік демалысқа шықты. Енді қаржылық заң бұзушылықтар жасады деген орталықтың қазіргі директоры де айыпталып, орнын босатып отыр. 

Айта кетейік, Әділжан Әлбазаров бастаған бір топ дәрігерлер елімізде алғаш рет жүрек қолқа доғасының орнына мұздатылған жасанды протез қою отасын жасады. Семейден Павлодарға жеткізілген науқасқа 4,5 сағат бойы күрделі ота жасалды және ол сәтті аяқталды. 
 

Назгүл Әбушәріпқызы
Жұма, 04 Ақпан, 2022 08:38
Талқылау