Павлодарда қазақ тіліндегі қате атаулар қаптап тұр
Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Сұрағанов – Чкалов көшелерінің қиылысындағы қате (Сурағанов) жазылған көше атауын жуық арада түзетуге уәде берді.
Бұл туралы тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
“Біздің сектор қала көшелеріндегі мемлекеттік тілдің сақталуы мен көрнекі ақпараттың дұрыс жазылуын бақылайды. Оның ішінде көше атаулары жазылған тақтайшалар да кіреді. Ай сайын белгіленген көшелерді қараймыз. Өкінішке орай, мұндай қателер туралы жиі айтылады. Тұрғындар телефон шалып жатса, сол жерге шығып, суретке түсіріп аламыз. Егер де жеке меншік кәсіпорынға тиесілі болса, түзетуін талап етеміз. Тұрғын үй болса, тұрғын үй кооперативі және пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс істейміз. Осыдан екі жыл бұрын Сұрағанов көшесі ашылғанын білесіздер. Сол көшедегі ғимараттар мен жеке меншік мекемелерге, үкіметтік емес ұйымдарға, тұрғын үйлерге бір тілде және белгіленген форматта тақтайшалар шығардық. Қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша ТҮКШ бөлімімен бірге эскизін келісіп, тексеруден өткізгеннен кейін орнаттық. Ал, одан кейін салынған немесе қайта құру жұмыстарын жүргізген нысандар өздері тапсырыс беріп, қателікке ұрынып жатады. Бұл жағдайды міндетті түрде қолға алып, жөндейтін боламыз”, – дейді Мейрам Нұғыман.
Сектор меңгерушісінің айтуынша, биыл жарнама және көрнекі ақпарат мәтіндерін қадағалау бойынша өткізілген мониторинг барысында жеті көшеде 580 нысан тексеріліп, 80 қате анықталған. Оның ішінде көптеген жағдайда қазақ тіліндегі спецификалық әріптерді жазу кезінде қателікке жол беріледі.
“Барлық қателіктер бойынша «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңына сәйкес болуы туралы насындардың иелерімен сөйлесіп, 60 хат жіберілді. Осының нәтижесінде заң бұзушылықтар ретке келтірілді. Сондай-ақ заң талаптарын сақтау мақсатында шағын және орта бизнес өкілдеріне тегін кеңес берілетінін айта кеткен жөн”, – дейді Мейрам Нұғыман.
Тағы да оқыңыз:
Кішкентай қызды зорлады деген күдікті Бурабайда ұсталды
Қазақстанда заңды некелеспей тек діни тұрғыда некеге тұруға тыйым салынбақ
70 жастағы ер адамға тоқал болған 35 жастағы келіншек оған шын ғашық екенін айтты