Павлодарда із-түссіз жоғалып кеткен кәсіпкердің денесі табылды
Павлодарда полицейлер 21 ақпанда жоғалып кеткен 52 жастағы кәсіпкердің денесін тапты. Марқұмның жақындары оның ешқашан ескертпей кетіп қалмағанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарайды.
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті
Павлодарлық Асулан Нұрмағамбетов 21 ақпанда Торайғыров 1/3 мекен-жайынан белгісіз бағытта көлігімен кетіп қалған. Содан бері оны ешкім көрмеген. Еріктілердің айтуынша, ер адам бизнеспен айналысады. Оның туыстары ер адамның ешқашан ескертусіз шығып кетпегенін айтады.
Полицейлер, еріктілер мен туыстары Асулан Нұрмағамбетовті іздеумен айналысты.
“Іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бұрын жоғалып кеткен қала тұрғынының мәйітін тапты. Кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы бар адамды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде”, - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Тергеу барысында болған оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталатыны көрсетіледі.