Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда әйел көшенің қақ ортасында оқушы қызға шабуыл жасады

Әйел оқушы қызға шабуыл жасады

Фото: Видеодан скрин

Павлодар қаласының орталығында күндіз әйел 13 жастағы қызға шабуыл жасаған. Оқушының анасы оқиға көпшіліктің көз алдында болғанын айтты. Алайда ешкім жасөпірімге араша түспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жәбірленуші қыздың анасының айтуынша, жасөспірім құрбысымен көшеде келе жатқан. Жолдан бір әйелді көрген, бірақ еш назар аудармастан өз жөнімен кеткен.

“Әйел кенеттен жүгіріп келіп, қызымның шашынан ұстап, басын кейін қарай қатты тартып, кейін алға қарай еңкейткен. Қатты тартқаннан бала артқа шалқалап, тізесімен жерге құлап, қанатып алған”, – дейді қыздың анасы.

Болған жағдайдан кейін 11 шілде күні қыздың ата-анасы бірден полицияға арыз жазды.

“Сол күні бізді облыстық балалар ауруханасына жіберді, бірақ сот-медициналық сараптамадан өту керектігін ешкім айтпады. Дәрігерлер тізесінің жарақаттанғанын және басында гематома барын айтты. Қызым қатты күйзелісті бастан өткерді. Үйге келген соң құса бастады, дене қызуы көтерілді. Жедел жәрдем шақыруға тура келді", – деді қыздың анасы.

Әйелдің айтуынша, қызы ашық-жарқын, ешкіммен жанжалдаспайтын бала.

“Ол қаланың қақ ортасында шабуыл жасады. Оқиға орнына жақын жерде полиция бекеті бар, бірақ балалар абдырап қалып, не істерін білмеген. Қызым айқайлап, жылаған. Велосипедпен өтіп бара жатқан ер адамды көріпті, басқа да ересектер болған, бірақ ешкім көмекке келмеген”, – деді жәбірленушінің анасы.

Оның сөзінше, полиция шабуыл жасаған әйелді анықтап, қылмыстық іс қозғаған. Бұл ақпаратты Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шәкенова да растады.

“Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салған әйелдің жеке басы анықталды. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды”, – деп түсіндірді Сәуле Шәкенова.

 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 13 Шілде, 2025 16:45
Талқылау