Павлодар және Ақсудағы колледждер студенттерге дипломның көшірмесін беріп келген
Павлодар және Ақсу қалаларындағы колледждердің құжаттарды рәсімдеу кезінде құқық бұзушылық жасағаны мәлім болды. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстағы колледждердің ақылы бөлімде оқитын студенттерге дипломның көшірмелерін бергенін анықтады.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
«Павлодар облысындағы кейбір жекеменшік колледждер ақылы негіздегі дипломдардың дубликатын беріп келген», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Департамент қоғам өкілдерімен бірлесіп «құпия сатып алушы» әдісімен, сондай-ақ ресми сұрау арқылы дипломдарды рәсімдеу кезінде заңсыз төлем жинау фактілерін анықтады. Бұл сома 700-ден 1500 мың теңгеге дейін өзгеріп отырған екен.
Тексеру кезінде 41 адамның ақшаны дипломның дубликатына төлегені белгілі болды.
«Департаменттің ұсынысы бойынша білім басқармасы қызмет алушыларға жүз мыңнан астам ақша қайтарады», – деп атап өтті департамент.
Департаменттің мәліметі бойынша, Павлодар экономикалық колледжі үш айдың ішінде 18 адамға 27 мың теңгеден қайтарады. Сондай-ақ, Павлодар политехникалық колледжі ондаған қызмет алушыларға диплом үшін алған 16 мың теңгені қайтаратын болады. Инновациялық Еуразия университетінің колледжі 2018 жылдың 1 маусымына дейін 18 студентке алған ақшаларын қайтарып береді.
«Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжі 62 студентке дипломның көшірмесін берген. Бүгінгі күні 34 қызмет алушыға көшірме үшін төленген 22,612 мың теңге өтелді. Ал қалған 25 адамға 2018 жылдың 1 мамырына дейін қайтарылады», – деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Жіберіп алмаңыз:
Оралда қонақ үйден алматылық жігіттің өлі денесі табылды
Шымкентте пайдалану құны 100 теңге тұратын автоматты әжетхана ашылды (видео)