Павлодар соты Нұрлан Мәсімовтің ісін прокурорға қайтарды
Павлодарда облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовке қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Алайда сот істі прокурорға қайтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Павлодар сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей Мәсімовтің ісі бойынша іс жүргізу заңнамасы айтарлықтай бұзылған.
“Атап айтқанда, іске қатысы барлардың рөлін сипаттауда орындаушы мен ұйымдастырушының рөлі нақтыланбаған. Айыпталушылар М., С. және Е-нің қандай қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке залал келтіргені белгісіз. Сондай-ақ айыптау актісінде қаржының қандай сомада жымқырылғаны және қанша шығын келгені көрсетілмеген", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек хабарламада жоғарыда аталған заңға сәйкес келмейтін әрекеттер негізгі сот талқылауын тағайындауға мүмкіндік бермейтіні айтылған.
"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабына сәйкес негізгі сотты тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуын жою үшін іс Павлодар облысының прокурорына кері қайтарылды", – делінген алғашқы сот қорытындысында.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодардың №2 сотында облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы, полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке қатысты сот отырысы басталғаны туралы хабарлаған едік.

Түнгі ауысымдағы жұмыс: Қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуі керек және қандай құқықтары бар
