Түнгі ауысымдағы жұмыс: Қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуі керек және қандай құқықтары бар
Фото: freepik.com
Дүниежүзілік Ұлттық ұйқы қорының мәліметінше, түнгі ауысымда жұмыс істеу адамда қант диабеті, семіздік, жүрек, қан-тамыр ауруларының даму қаупін арттырады. Сол себептен мұндай жағдайда еңбек ететіндерге тиісті жағдай мен жайлылық қарастырылуы қажет. Қазақстанда түнгі ауысымдағыларға көбірек жалақы мөлшері, медициналық қолдау, арнайы демалыс уақыты белгіленіп жүр ме? Заң бойынша түнгі ауысым да жұмыс істейтіндер қанша айлық пен қандай жағдайды талап ете алады? Stan.kz тілшісі Еңбек инспексциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мамандарынан жұмысшылардың құқығы туралы сұрап білді.
Түнгі ауысымда жұмыс істеген қызметкердің жалақысы қалай есептеледі? Қанша пайыз қосымша ақы төленуі қажет?
Еңбек кодексінің 110-бабына сай, түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың немесе жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде жалақы қарастырылады. Жұмысшының күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.
Ал уақыт бойынша, қызметкер ауысымды аяқтағаннан соң, келесі ауысым арасында демалыс ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауы қажет.
Мереке немесе демалыс күндері түнгі уақытта жұмыс істеген жағдайда төлем қалай жүргізіледі?
Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес, түнгі жұмыс уақыты мереке немесе демалыс күніне тура келген кезде еңбекке ақы төлеу:
- – түнгі сағаттарға бөлек,
- – осы кодекстің 109-бабына сәйкес мереке немесе демалыс күндерінің сағаттарына жеке жүргізіледі.
Яғни, еңбек немесе ұжымдық шарттардың немесе жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.
Қызметкер түнгі жұмысқа өз еркімен жазбаша келісім беруі керек пе? Егер жұмыс беруші түнгі жұмысқа қосымша ақы төлемесе немесе рұқсатсыз мәжбүрлесе, қызметкер қайда шағымдана алады?
Алматы еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, түнгі уақыттағы жұмысқа он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер, жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер жіберілмейді.
“Ерекше қажеттіліктері бар жұмыскерлерді түнгі уақытта жұмысқа тартуға,егер медициналық қорытындысында денсаулығына байланысты тыйым салынбаған жағдайда, олардың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Жұмыс беруші жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді және жеті жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды, ерекше қажеттілігі бар он сегіз жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған жұмысшыларды жазбаша келісімінсіз түнгі уақыттағы жұмысқа тартуға құқылы емес. Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады”, – деді ол.
Түнгі ауысымда жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған арнайы медициналық тексерулер қарастырыла ма?
Еңбек инспекциясының мәліметінше, егер қаупі жоғары жұмыстарда, машиналармен және механизмдермен байланысты жұмыстарда істейтін болса, қызметкерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиіс. Ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өту талап етілетін кәсіптердің тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Өкінішке қарай жалақыдан бөлек, түнгі ауысымда жұмыс жасайтын жұмыскерлерге өзге әлеуметтік кепілдіктер мен өтемақылар қарастырылмаған.
Елімізде түнгі ауысымда жұмыс істейтін азаматтардың құқығы қаншалықты сақталып жүр?
Еңбек инспекциясының мәліметінше, соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша департаментке 2 405 адам жүгінген. Оның ішінде 2387 арыз еңбек жағдайларының бұзылуы бойынша жазылған. Түңгі ауысымда жұмыс жасайтындардан арыздар түскен жоқ.
Еліміздің Еңбек кодексінде сағат 22-ден 6-ға дейінгі уақыт түнгі ауысым уақыты болып есептеледі.
Түнгі ауысымдағы жұмыс ауыр еңбек жағдайына жатады. Себебі түнде ұйықтамау адам ағзаның қалыпты жұмысын бұзып, кортизол, инсулин, лептин, мелатонин мен серотониннің жеткіліксіз бөлінуіне әкеледі. Мұндай жағдайда түрлі аурулардың даму қаупі өте жоғары. Сондықтан түнгі ауысымдағы қызметкерлерге белгіленген жалақыдан көбірек ақы төленуі қажет.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
