Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр

Фото: Миясар Тілеумұратованың жеке архиві

Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған Талғат Қашыбековтың отбасы бес жылдан бері уәде етілген баспанасын күтіп жүр. Тәртіпсіздіктер кезінде оққа ұшқан ер адамның артында әйелі мен төрт ұлы қалған еді. Жұбайы Миясар Тілеумұратованың сөзінше, әкімдік алғашында пәтер береміз деп, кейін беруден бас тартқан. Қазір көпбалалы ана халықтан көмек сұрауға мәжбүр болып отыр.

Қаңтар оқиғасы кезінде алматылық Миясар Тілеумұратованың күйеуі Талғат Қашыбековке оқ тиіп, көз жұмды. Сол мезетте Миясар Тілеумұратова төртінші ұлына жүкті еді.

Қазір ана 4 баланы өзі асырап отыр, отбасы жалдамалы пәтерде тұрады екен. Миясар Тілеумұратованың балаларының үлкені – 15-те, ал кішісі 3-те. Ең кіші ұлы әкесін көріп те үлгермепті. Бұған дейін отағасы такси жүргізушісі болып жұмыс істеген. "Барлық" базарының алдында Шымкенттен келгендерді күтіп алып, қалаға жеткізетін.

Сөзінше, баласы кішкентай болғандықтан, жұмысқа шыға алмады. Әрі үй шаруасы, бала тәрбиесі, тұрмыс-тіршіліктің бәрі мойнында болды. Әйелдің жақындары Қарақалпақстанда тұрады, Қазақстанда көмектесер ешкімі жоқ. Асыраушысынан айырылғаны және көпбалалы ана болғаны үшін алатын әлеуметтік төлеммен күнелтіп жүр. Алғашында Алматы әкімдігі баспана алып беруге көмектесетінін мәлімдеген, бірақ соңында үй берілмейді деген.

“Қаңтар құрбандарының жұбайларымен ортақ чат аштық. 11 адамбыз. Сондағы 6 әйел әкімдіктен үй сұрап барды. Кейін кезек-кезек үй алғандарын айтып, жаза бастады. Ал қалған бесеумізге ештеңе айтылмады да, берілген де жоқ. Біз де барып сұраған кезде “ешқандай баспана берілмеді” деп жылы жапты. Кейін тағы сұрағанымызда, Алматы әкімдігі “жауап береміз, күтіңіз” деп шығарып салды”, – деді төрт баланың анасы.

Қаңтар құрбанының жұбайы енді әкімдіктердің табалдырығын тоздырып жүр. Біресе оны “күтіңіз” деп алдаса, бірде “баспана жоқ” деп айтатын көрінеді.


"Кенже сәбиін бауырына баса алмай кетті": Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуінен айырылған төрт баланың анасы қазіргі жағдайын айтты


Көпбалалы ана қайта-қайта пәтер ауыстыру ыңғайсыздық тудыратынын жасырмады. 

“Көп баламен пәтер жалдап тұру қиын. Желтоқсанда пәтерден шығарып жіберіп, қиналып қалған сәттеріміз болды. Аязды күні көшіп жүріп, өзім де қатты сырқаттанып қалдым. Онымен қоса көбі кішкентай балалары барларға пәтерін бергісі келмейді. Сол себепті өз баспанамыз болса екен деп армандаймыз”, – деді ол.

Stan.kz тілшісі Алматы әкімдігіне сауал жолдады. Әкімдіктің мәлімдеуінше, нақты Қаңтар құрбандарының отбасылары үшін баспана беру мәселесі қарастырылмаған.

“Коммуналдық тұрғын үй қорында 45 мың адам баспанаға кезекте тұр. Оларға үй кезектілік тәртібімен бөлінеді. Арнайы Желтоқсан құрбаны немесе Қаңтар құрбаны деп қарастыратын заң жоқ, оларға кезектен тыс үй бере алмаймыз”, – делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.

Миясар Тілеумұратова кезекке тұру бойынша өтініш беріпті. Алайда ол Алматы облысы Қарасай ауданында тіркелгендіктен, кезекке қойылмапты.

“Заң бойынша кейінгі 3 жылда Алматыда тіркеуде болуға тиіс. Сол кезде ғана оны кезекке қоя аламыз. Негізі баспанаға кезекке тұру мәселесінде адами фактордың әсері аз. Себебі бәрі автоматтандырылған, құжаттардың бәрін базаға тіркейді, оны роботтар анықтайды. Тіркеуі болмаса немесе атында үйі болса, кезектен алып тасталады”, – деп түсіндірді әкімдік өкілі.

Әкімдік бұған дейін Қаңтар құрбандарына баспана берілді деген ақпаратты жоққа шығарды. Сөзінше, олар кезегі келген соң үйлі болды.

Ал бұған дейін асыраушысынан айырылған отбасыға "Қазақстан халқына" қоры "қылмыстық іске қатысы жоқ" деп 7 миллион теңге берген. Ауыл әкімі ас беріп, жерлеу рәсіміне көмек берген. Жаңа жыл қарсаңында екі баласына қысқы күртеше мен жаңа жылдық сыйлықтар ұсынған.

Ал Алматы әкімдігінің тарапынан кейінірек 5 миллион теңге беріліпті. Ананың айтуынша, бұл сомалар бөліп-бөліп берілгендіктен, үй алуға жеткіліксіз болды. 

2022 жылы 8 қаңтарда Талғат Қашыбеков дүкенге бару үшін “Карьерная” көшесіне шығып, сол күйі үйіне оралмаған. 9 қаңтарда Миясар күйеуінің денесі мәйітханада екенін білді. Сөйтсе кеудесіне оқ тиіпті.

“Талғат жұмыстан келген сайын балаларын қуантып жүретін. Бір кезде ұлдарым еркелеп, "әке, көптен "чипсы" әкелмедің ғой, әкеліп берші" деді. Ол балаларының сөзін тастамай, "жарайды" деп көшеге шықты. "Шықпашы, керек емес" деп ескертіп едім, бірақ ол "мен ешкімді ұрмадым, митингке шықпадым, мас емеспін, маған не деп тиеді? Қазақ қазаққа оқ атпас" деп шығып кеткен еді", – деп еске алды төрт баланың анасы.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 16:47
Талқылау
`