Павлодар соты әйелін аяусыз ұрған ер адамды ақтап алды
Фото: Видеодан скрин
Павлодарда сот әйелін аяусыз соққыға жығып, өз кінәсін мойындаған ер адамды ақтап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күйеуінен жәбір көрген Олесяның айтуынша, 2024 жылдың желтоқсанында оны күйеуі ұрып-соғып, өлтіремін деп қорқытқан. Бірнеше күннен кейін ол қашып шығып, полицияға арыз берген.
"Іс жарты жылға жуық созылды, ал сот процесуалдық бұзушылықтарға байланысты айыпталушыны ақтап шықты. Бірақ бұл менің кінәм емес. Адам өлтірген жағдайда да, дәл осындай процессуалдық себептермен ақтап жіберуі мүмкін ғой", – деді ол.
Олеся Павлодар облысындағы сот жүйесіне көңілі толмайтынын айтып, мұндай шешімдердің салдарынан әйелдердің қорғансыз қалатынын атап өтті. Қазір ол өз қауіпсіздігі үшін қорқады.
“Павлодар облысының соттары дәлелдер, сот-медициналық сараптама қорытындысы, сурет пен видеожазбалар бола тұра, осындай үкім шығарып отыр. Егер маған бір нәрсе болып қалса, оған кім жауап береді? Тергеуші ме? Судья ма? Прокурор ма?” – деп ашынады әйел.
Жәбірленуші сот процесіндегі қателіктер салдарынан кінәлілердің ақталуы – үлкен проблема екенін айтты.
“Қазақстандағы барлық әйелдерге жаным ашиды. Өйткені менің жағдайыма түскен әйелдер қорған таба алмайды. Себебі дәл осындай айыпталушылар бізде ақталып шығады”, – деді ол.
Ал Павлодар қаласының прокуратурасы бұл ақтау үкіміне апелляциялық шағым дайындалғанын мәлімдеді. Ведомство үкімді жойып, айыпталушыны кінәлі деп тану үшін шаралар қабылданатынын жеткізді.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
