Павлодар облысында 12 жастағы мектеп оқушысы қарындасын құтқарып, ерлікпен қаза тапты
Павлодар ауданындағы Ефремовка жалпы орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушысы Азамат Жолдасбек қарындасын құтқарып қалып, өзі ажал құшты.
Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.
Жеткіншектің нағашы әпкесі Нұргүл Уахитованың айтуынша, 21-мамыр күні таңертең Азамат алты жастағы інісі Алдиярмен бірге мал бағуға кеткен. Кешке үйге келгенде анасы әзірлеп қойған тамақтан бас тартып, қарындасы Инабатпен бірге ауылдың шетіндегі көлге өздері қолдан жасаған ағаш қайықты жіберіп келуге рұқсат сұрап, кетіп қалған. Қастарында көрші үйдің балалары Савель мен Даша бірге болған.
“Сол жерде мал су ішетін тоқтау судың жағасында жатқан екі метрлік бетон цементке Инабаттың аяғы тайып, құлап кеткен. Азамат болса, дереу арғы жағынан суға секірген. Ол өзінің қарындасын жиекке лақтырып жіберген де, өзі жағаға шыға алмай қалған. Бер жақта қалған үш бала бар дауыспен көмекке шақырғанмен ешкім таба алмаған. Даша жағада суға тұншығып ессіз жатқан Инабаттың кеудесін қағып, суды шығара бастаған. Ол сол кезде теледидардан көргендегідей әрекет еткенін айтады. Әбден шошып қалған балалар Алдиярдың анасына жүгіріп келіп, оның суға батып кеткенін айтқан. Өкінішке орай, оқиға орнына жеткенде баланың денесі бірден табылмады. Бұған қоса, көбі жүзуін білмейтінін айтып, суға түсуден бас тартқан. Сол сәтте Дашаның әкесі келіп қалып, Азаматтың денесін жағаға алып шықты”, – дейді Нұргүл Уахитова.
Мектеп директорының орынбасары Гапу Сапаржанның сөзінше, Азаматтың жүрегі ауыратын болғандықтан тізімге алынған. Сараптама қортындысы оның өкпесінде су болмағанын, яғни жүрегі тоқтап қалғанын көрсетіп отыр.
“Бұл отбасының балалары өте тәрбиелі. 2-сыныпта оқитын Инабат оқу үздігі. Алдияр – алты жаста. Азамат төрт пен беске оқитын әрі ақылды бала болатын. Қазақ-түрік лицейіне түсуге құжаттарын тапсырып қойған. Аман болса, биыл сонда білім алатын еді. Олар Рожественка ауылындағы мектепте қазақ сыныптары болмағандықтан, өзіміздің ана тілімізде білім аламыз деп, біздің мектепке автобус арқылы келетін. Азаматтың жасағаны үлкен азаматтардың қолынан келе бермейтін іс. Бұл үлкен ерлік. Ол өзінің қарындасын ажалдан арашалаймын деп, өз жанын қиды”, – дейді Гапу Сапаржан.
Оқи отырыңыз:
Алматыда тек қарт кісілерді өлтіріп келген қылмыстық топ ұсталды
БҚО-да соңғы қоңырау болатын күні мектепте күзетшінің өлі денесі табылды
Батыс Қазақстанда жүк көлігіндегі жылқылар тірідей өртеніп кетті (видео)
Өгей анасы 11 жасар Өркенді өлтіргенін мойындап, кешірім сұрады