Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысына қарасты ауыл мектебінде балаларға бұзылған ас беріп келген

Балаларымыз бұзылған ас жеп, ауруға шалдықты. Павлодар облысына қарасты ауыл мектебінде оқитын бүлдіршіндердің ата-аналары осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, білім ордасының асханасында пісірілген астың мерзімі өтіп кетсе де, мектеп басшылығы оқушыларды тұрып қалған тамақпен ауқаттандырады екен.

 

Иісі шығып, түсі өзгере бастаған түскі асты қарны ашқан балалар ойланбастан жәукемдеп, үйіне барғанда асқазаны шыдатпай ауыратын көрінеді. Бұл жөнінде Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Павлодар облысына қарасты Береке ауылында бар болғаны жалғыз мектеп. 350 оқушысы бар білім ордасындағы 120 бала жергілікті бюджеттен тегін тамақтандырылады. Ал қалғаны күн сайын қалтасынан 250 теңге шығарып, жүрек жалғайды. Бірақ, мектеп асханасы ұсынған ас-су ата-аналардың үрейін ұшырып отыр. Еттен жасалған тағамнан құрт шығып, көкөніс сақтайтын қоймадан өлі тышқандар табылыпты.

«Тамағымыз нашар, тұзы жоқ тамақ береді, картопты анда-санда жейміз, тазалығы да жоқ! Кейде котлеттің ішінен құрт шығып жатады дейді. Тышқан өліп қалыпты деп естіп жүрміз әйтеуір, балалар айтып жүрді» – дейді оқушының әжесі Гүлімхан Рахым.

Білім ордасындағы екі мезгіл тамақтан соң, асқазаны сыздап, ішек ауруына шалдыққан оқушылар да жоқ емес. Балаларының ағзасын улап жатқан ішіп-жемнің құрамында не бар екенін оқушы тұрмақ, ата-аналар да білмейді.

«Менің балам мүлде тамақ та ішпейді мектепте, іше алмай жүр. Шикі, піспеген. Шөлдеген кезінде шәйін бермейді, суын бермейді дұрыстап. Ақшасын төлеп отыр балам күнделікті, төлеп отырмыз» – дейді оқушының анасы Жайнагүл Төлеуқызы.

Баласына алаңдаған әке-шеше былай тұрсын, мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер де өкпелі. Мәзірде көрсетілген санаулы тағамның бірде тұзы жоқ, бірде дәмі түсініксіз тұздықтардан тіліміз күйіп қалады дейді.

«Котлетті дұрыс жасамайды, біз оны білмейміз қандай неден жасайтынын. Сосын палаулары шикі. Борщ жасаса, мектепке сәйкес келу керек, олар дәмдеуішті көп қосады. Мысалы үшін, балаларға өте зиянды» – дейді мұғалім Алтыннұр Давидхан.

Ең сорақысы, мектепте ересек балалардан бөлек, мұнда 1-5 жас аралығында бүлдіршіндерге арналған шағын орталық та орналасқан. Балабақша тәрбиеленушілері де адам шошырлық жағдайдағы асханадан дәм татады. Дұрысы, ұсынған астан лоқсып, аузына салған тағамды түкіріп тастайды, дейді қызметкерлер.

«Ешқандай нәрсесі жоқ, су кәдімгі, ботқа. Балалар әуелі лоқсып, жемейді. Оларға аналары дүкеннен тамақ алып береді.

Менің де екі балам бар, оларға магазиннен айран әкеліп беремін» – дейді шағын орталық тәрбиешісі Еркінгүл Шынболат.

Өзін бас аспазбын деп таныстырған әйел түсірілім тобын көре-сала, шу шығарды. Тіпті қолына ұялы телефонын алып, әлдекімдерге бірнеше рет хабарласты. Кімнен не өтінгенін қайдам, журналистердің көзінше шағымын жеткізбек болған ата-аналарға сөз бермей, біраз жанжалдасты. Тіпті палаудан ұзындығы 10 сантиметр болатын құрт шыққанын, оған фотосурет түріндегі дәлелдің барын айтқан келіншектің сөзі де өтпеді.

Береке ауылы қарайтын Ақсу қаласындағы білім басқармасы бұл жайттан хабардар. Ата-аналардың хат түріндегі шағымы да бар екен. Бірақ әлі тексеру жұмыстары жүргізілмеген.

«Бұл мәселе бізге хат бойынша түсті. Рас ата-аналар асханадағы балаларға беріліп жатқан тамақ мәселесін көтеріп жатыр. Біз СЭС органымен бірге комиссия құраймыз. Сол комиссиямен осы мектепке шығамыз, тексереміз. Егер хатта келтірген шағым анықталса, онда арендатормен шартты бұзамыз» – деді Ақсу қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Қайрат Теміржанов.

Арнайы комиссия қашан құрылатыны белгісіз.

Ал білім ордасының директоры орнында болмай шықты. Білім басқармасы өкілдерінің сөзінше, мектеп басшысы бүгін таңертең хабарласып, бұл мәселеге байланысты журналистерге қалай жауап беру керектігін сұраған. Сұрағына жауап таппаса керек, түсірілім тобының көзіне түспеді.

Жіберіп алмаңыз:

Астананың сол жағалуының тұрғындары құм аралас су ішіп отыр

Мұхтар Жәкішевтің анасы Назарбаевтан ұлын кешіруді сұрады

Қостанайда жасөспірім сыныптастарының қорлығына шыдамай үйінен кетіп қалды

Әкімдік жұмыссыз қалған “Абу Даби Плаза” құрылысшыларына көмектеседі

Талқылау