Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында шаруа қожалығы өртеніп, алты адам қаза тапты

өртФото: Павлодар облысы ТЖД видеосынан

Павлодар облысында шаруа қожалығы аумағында орналасқан тұрғын үйде өрт шығып, алты адам қаза тапты. Қаза болғандардың жеке бастары анықталды.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін, 9 қазан күні, "101" қызметінің пультіне шаруа қожалығы аумағында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Ол Солнечный ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан.

Оқиға орнына облыстық ТЖД-ның, ГРЭС-2 кәсіпорнының өртке қарсы қызметінің және Солнечный ауылдық өрт бекетінің мамандары жіберілді.

"Өрт сөндіру барысында құтқарушылар көлемі 27 литр болатын 8 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Жалынмен күреске шамамен 30 қызметкер мен 10 техника бірлігі жұмылдырылды", — деді құтқарушылар.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртеніп, шатырының бір бөлігі құлағаны анықталды. Сондай-ақ жалын іргелес шаруашылық құрылыстарға тараған, жалпы өртенген аумақ 920 шаршы метрді құраған.

Өрт кезінде үйдің ішінде 7 адам болған. Олардың бірі 53 жастағы ер адам өздігінен сыртқа шығып үлгерген. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді, қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Өрт сөндірілген соң үйдің ішінен алты адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта олардың жеке басы анықталып жатыр. Тергеу органдары оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.

Белгілі болғандай, қайғылы оқиғаның алдында шаруа қожалығының қызметкерлері арақ ішкен. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына отты абайсыз пайдалану себеп болған.

Қаза тапқандардың жеке тұлғалары анықталды. Олардың барлығы шаруа қожалығының жұмысшылары, арасында үш әйел және үш ер адам бар.
 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 14:47
Талқылау