Павлодар облысында полицей өзіне қол жұмсаған: Прокуратура қызметкерлерінің кінәсі жоқ екені анықталды
Павлодарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аудандық прокуратура ғимаратында өзіне-өзі қол жұмсаған полицейге қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап.
Еске салсақ, бірнеше ай бұрын аудандық прокуратураның ғимаратында тергеуші өз-өзіне қол жұмсаған. Ол өзінің иығына оқ атқан.
Офицердің туыстары оған аудандық прокуратураның қызметкерлері қысым көрсеткені туралы мәлімдеген болатын. Іске қатысты “Өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу” бабы бойынша тергеу жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істе қылмыс құрамы болмағанын анықтады. Оған қоса, лейтенант өзіне-өзі оқ атқанын айтып, тергеуді тоқтату туралы арыз жазған.
“Ол прокуратура ғимаратында өзіне қол жұмсамақ болғанына бірқатар жағдайлардың әсер еткенін айтады. Бірақ мен оларды атай алмаймын. Прокуратура қызметкерлерінің тарапынан заңға қайшы әрекеттер анықталмады”, –дейді облыстық жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тергеу департаментінің басшысы Айтуар Ағыбаев.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодар облысында өзіне оқ атқан полиция қызметкеріне қатысты оқиғадан кейін аудан прокуроры мен оның орынбасары жұмыстан босатылған болатын.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
