Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында өңіраралық қоныс аудару бағдарламасына бөлінген 144 миллион теңге жымқырылған

144 миллион теңге жымқырылғанФото: depositphotos.com

Павлодар облысы Успен ауданы соты "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау бойынша қылмыстық іс қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу аудан прокуратурасымен басталып, Павлодар облысы бойынша "Еңбек мобильдігі орталығы" КММ-нің қызметі тексерілді.

"Сот процесі барысында "Успен ауданы карьерлік орталығы" филиалы мамандары бағдарламаның қатысушыларын алдағаны анықталды. Мәселен, қоныс аударушыларға сатып алынған тұрғын үйдің құнының жартысы көлемінде төлем жасау көзделген, ал ең жоғары төлем шегі 4 миллион теңге болған. Айыпталушылар алдын ала жалған нұсқаулар беріп, төмен бағамен үй табуды талап еткен. Ал сатып алу-сату келісімшартында бағасы жоғары көрсетілген 8 миллион теңге. Қоныс аударушылар, айыпталушылардың нұсқауымен, шын мәнінде келісілген бағадан айырмашылығы бар соманы "Бағдарлама шарттары аясында" деп көрсетіп, соңғысына берген", – делінген хабарламада.

Осылайша, алаяқтық әрекеттер арқылы бюджет қаражатын заңсыз иемдену және айналымға түсіру схемасы жасалды. Мемлекетке келтірілген жалпы залал сомасы 144 миллион теңге.

"Қылмыстың ауырлығы мен оның салдарын ескере отырып, мемлекеттік айыптау сотты жазаны бас бостандығынан айыру түрінде тағайындауға бағыттады. Сот екі айыпталушыны кінәлі деп таныды. Біріне 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, екіншісіне 3 жыл шектеу жазасы кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деді Павлодар облысы прокуратурасы.


Перизат Қайрат ісі: Қайырымдылық қорына ақша аударған үш жәбірленуші сотқа келмеді


Ақмола облысында пара алды деген күдікпен кіріс департаментінің басшысы ұсталды


Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысы Целиноград ауданында қандастарға арналған қоныс аудару бағдарламасы аясында бөлінген 20 миллион теңге көлеміндегі қаржы жымқырылған. Прокуратура тұрғын үй алуға берілетін көмектің заңсыз берілгенін және қаражаттың жымқырылғанын анықтады. Ірі көлемдегі алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 17:32
Талқылау