Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкім өтірік айтқан ба? Павлодар облысында оқушылар мектепке бара алмай отыр

Павлодар облысында оннан аса білім ошағы оқушыларды қабылдауға дайын емес. Себебі мердігерлер күрделі жөндеу жұмыстарын созбаққа салып, мерзімінен кешіктірген екен. Соның кесірінен қазір кей мектептің балалары құрылысшылармен бірге шаң-тозаң болған білім ошағында оқып жатса, кейбірі тіпті көрші ауылдарға қатынап білім алуға мәжбүр. Дегенмен он күн бұрын облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірде тек екі мектептің дайын емес екенін мәлімдеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

мектеп Павлодар

Cюжеттен скриншот

Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы білім ордасы жаңа оқу жылына мүлдем дайын емес. Жөндеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Салдарынан мұндағы 500-ден астам бала қазір сабақты қаладағы мәдениет үйіне барып оқуға мәжбүр. Ал білім бөлімінің басшысы қалған жұмыстарын қазанға жеткізбей аяқтайтынын айтты.   

“Сарышығанақ мектебіндегі жөндеу жұмыстарын осы айдың аяғына дейін бітіреміз. Барлық күшімізді соған саламыз. Балалар өз мектептерінде сабақтарын оқиды”, – деп мәлімдеді Ақсу қалалық білім бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов. 

Успенка ауданына қарасты Ольгинка орта мектебінде де жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ғимараттың тас талқаны шығып жатса да, 1-2 жұмысшыдан басқа ешкім көрінбейді. Мердігерлердің сылбыр қимылынан мезі болған мұғалімдер құрылысқа өздері кіріскен. 

“Жөндеу жұмыстары бітпей жатқандықтан өзіміз парталарды тасып, қолғабыс етіп, мердігер компанияға көмектесіп жатырмыз. Енді ынғайсыздық тудырғанымен де осы алдағы уақытта бітеді деген, бітеді және қолданысқа беріледі деген ойдамыз”, – деді тарих пәнінің мұғалімі Жарқынбек Пазыл. 

Жөндеу жұмыстары аяқталмаса да, мұғалімдер амалсыздан ғимараттың бір бөлігінде оқушыларға сабақ беріп жатыр. Алайда кейбір ата-аналар балаларын шаң-тозаңның арасында оқытуға қарсы шығып, мектепке жіберуден бас тартыпты. 

“Мектепте қазір істелініп жатқандардың бәрі химиялық заттар. Бұған ешкім жауап бере алмайды. Бірдеме түсіп кетеді, уланып қалуы мүмкін. Мұны білім басқармасы болсын, аудан әкімі болсын қадағалаған жоқ”, – дейді ата-аналардың бірі Күнболат Өауытұлы. 

Ал осыдан он күн бұрын мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жөндеу жұмыстары тек 2 білім ошағында аяқталмады деп мәлімдеген. 

“2 мектеп қана 1 қыркүйекке дайын емес. Бірақ мәдениет үйінде оқиды бір ауылда. Екеуі де мәдениет үйінде. Уақытша бір айға созылады”, – деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. 

Алайда әкімнің бұл сөзі шындыққа жанаспайтын болып шықты. Қазір өңірде 14 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Білім басқармасы құрылысты кешіктірген мердігерлерді сотқа беріп үлгерген. Айтуларынша, жұмыстың уақытында аяқталмауына мемлекеттік сатып алу рәсімінің тым ұзаққа созылуы себеп болған. Әрі бір мердігердің оннан аса мектепті жөндеуге алып, үлгере алмай қалғаны тағы бар.

Биыл аймақ бойынша 46 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 9 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Талқылау