Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Патшайым халыққа өте жақын адам болды": Қазақстандықтар ІІ Елизаветаның табытына дейінгі бірнеше шақырымдық кезек туралы айтты

8 қыркүйекте Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета Шотландияда қайтыс болды. Патшайыммен қоштасу 10 күнге, 18 қыркүйекке дейін жалғасқан. Соңғы күні Лондондағы Грин-паркке 10 мыңнан аса адам жиналып, кезек бірнеше шақырымға созылды. Ұлыбритания астанасындағы отандастарымыз Stan.kz тілшісіне ағылшындардың патшайымға деген көзқарасы қандай болғанын және қоштасу рәсімінің қалай өткенін айтып берді.

Елизавета ІІ кезек

ІІ Елизавета Ұлыбританияны біріктіруші символға айналған

Лондонда тұратын отандасымыз, журналист және кино сыншысы Әсия Бақдәулет патшайымның өлімі Ұлыбритания үшін тарихи оқиға болғанын айтады. Сөзінше, ағылшындар үшін жыл сайын ІІ Елизаветаның жолдауы мен мерекелердегі құттықтауын тыңдау әдетке айналып кеткен. 

"ІІ Елизавета кей ұлыбританиялықтар дүниеге келген кезден бастап тақта отыр, медиа арқылы болсын, өмірлерінің бір бөлігіне айналды. Маңызды сәттерде жолдауын арнады, шараларға қатысып, мерекелерде сөйлеген сөзін тыңдау барлығы үшін әдетке айналды. Сондықтан патшайым ағылшындар үшін жақын болып кеткен. Өзім білетін және араласатын британдар арнайы жиналып, өз сезімдерімен бөлісті. Кездескенде бір-біріне көңіл айтады. Әрі ІІІ Чарльз корольдің бұйрығымен 19 қыркүйек демалыс деп жарияланды. Бұл күні патшайымды жерлеу рәсімі өтеді. Сондықтан ірі дүкендер мен банктер жұмыс істемейді", – деді ол. 

Отандасымыздың айтуынша, ІІ Елизавета патшайым "Ұлыбританияны біріктіруші символға" айналған. Сондай-ақ билік еткен жылдарда ешуақытта дауға қалмаған.

"Патшайым халыққа өте жақын адам болды. Артық сөзі жоқ, дөп сөйлейтін тұлға. Ешқашан арзанқол заттарға қызықпаған, билік еткен жылдарында дау-дамайға араласпады. Кереғар саяси пікір айтпады. Барлығына ұнайтын, Ұлыбританияны біріктіруші символға айналған тұлға болды. Сондықтан халықтың құрметі жоғары. Дегенмен Ұлыбританияда антимонархшылар бар, олардың саны аз", – деп толықтырды Әсия Бақдәулет. 

Журналистің айтуынша, патшайыммен қоштасу үшін халық Вестминстер парламент үйінен бастап ұзын-сонар кезекке тұрған.

"Кезек шамамен 8 шақырымға созылды. Себебі Вестминстер холында король немесе халық үшін ерекше орын алатын азамат дүниеден өткенде шара өтеді. Мұндай шара соңғы рет Уинстон Черчиль дүние салғанда ұйымдастырылған. Холлдың ортасында патшайымның табыты қойылады. Ал тұрғындар ІІ Елизаветаның табытын бір айналып өту үшін 11 сағат кезекте тұрды. Бұл халықтың патшайымға деген сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін", – деді отандасымыз. 

ІІ Елизавета

Вестминстер парламент үйіндегі патшайымның табыты

Лондоннан бөлек, Ұлыбританияның үлкен қалаларындағы саябақтарда және сарайлардың жанында гүл шоқтарын қоятын орындар жасақталған. 

"Мұнда халықтың патшайымға жазған хаттары, балалардың салған суреттері қойылды. Ал парламент сарайындағы шараға қатысу үшін кей азаматтар шетелден арнайы келген. Айта кету керек, бұл оқиғаға байланысты орталық Лондон өмірі біршама өзгерді. Себебі көшелер жабылған. Ал кей мекемелер кезекте тұрған азаматтар жылынып, шәй ішуі үшін түнге дейін жұмыс істеп жатыр", – деп түйіндеді отандасымыз. 

Көпшілік оны адал еңбегі үшін жақсы көреді

Журналист Ғалымжан Қараманұлы 7 жылдан бері Лондон қаласында тұрып келеді. Оның пайымдауынша, Ұлыбритания жұртшылығы патшайымды адал еңбегі үшін жақсы көрген. 

"Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде ІІ Елизавета қарапайым механик болып қызмет еткен. Ал әкесі аяқ асты о дүниеге аттанған соң, еш қорықпастан тәждің бар ауыртпалығын көтерді. Өмірінің соңына дейін аянбай еңбек етті. Әрине, барлығы бірдей патшайымды жақсы көрмеді. "Ол салық төлеушілердің есебінен өмір сүреді" деп пікір айтатындар бар. Дегенмен бұған қарамастан ағылшындар тегіс патшайымды құрметтейтін", – деді Ғалымжан Қараманұлы. 

Ғалымжан Қараманұлының айтуынша, ағылшындар ІІ Елизаветаның өлімін үлкен қайғымен қабылдаған. Ал онымен қоштасу рәсімі бұрын біріккен патшалық құрамында болған елдерде де жалғасып жатыр. 

"Тұрғындар Букингем сарайының жанына гүл шоқтарын қоюда, суретін іліп, жанына шырақ жаққан. Әйткенмен демократиялы мемлекет болғандықтан, оның өлімін теріс қабылдағандар да бар. Ал мәйіті салынған көлік Ұлыбританияны аралап келеді. Жақында Эдинбург қаласында болды, ал жұртшылық бір қатарға тізіліп, соңғы сапарға шығарып салды. Астанасы Лондонда тіршілік жалғасып жатыр. Жаңа корольге деген көзқарас та оң. Қазір патшаның отбасы жерлеу рәсіміне дайындалуда, кімді шақыратынын да солар шешеді", – деді журналист. 

ІІ Елизаветаның өлімі

БАҚ мәліметінше, патшайымның денсаулығы қыркүйектен бастап нашарлай бастаған. Дәрігерлердің кеңесімен ол Құпия кеңестің кездесуін де кейінге қалдырған. Ал 8 қыркүйекте Букингем сарайы ІІ Елизаветаның дәрігерлер бақылауында екенін мәлімдеді. 

Осылайша Ұлыбританияны 70 жыл басқарған ІІ Елизавета 96 жасында Шотландиядағы Балморал сарайында көз жұмды. Резиденцияға патшайымның балалары мен немерелері, сонымен қатар тақ мұрагері Уильям ханзада және інісі Гарри де келген. 

Талқылау