Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты

Павлодарлық Альбина Бунеску әйгілі “Реал Мадрид” футбол клубына жұмысқа орналасты. Енді ару онда маркетолог болып істейді. Альбина Stan.kz ақпарат агенттігіне жаңа қызметіне қалай орналасқаны жөнінде айтып берді. 

Альбина Бунеску 13 жылдан бері маркетолог қызметін атқарады: жеке маркетинг агенттігі бар. Өзінің айтуынша, бірде ол Sport Fest Astana-ның екі спорттық көрмесін ұйымдастырған. Содан кейін спорт маркетингі саласына қызыға бастаған. Бірақ бұл бағытта білімін арттыру керек екенін түсінген Альбина Астанадағы пәтерін сатып, одан түскен қаражатына Испанияның астанасы Мадридтегі Real Madrid Universidad Europea университетіне оқуға түскен.

“Біріншіден, Қазақстаннан басқа елде тұрып, сол жақтағы ілім-білімді үйреніп келгім келді. Екіншіден, Real Madrid Universidad Europea университеті мемлекеттік диплом береді. Үшіншіден, бұл университет Мадридтегі Еуропалық университетпен бірлесіп жұмыс істейді. Маған бұл оқу орнындағы дәрістер өте ұнады, себебі біз тек футболға қатысты емес, басқа да спорт түрлеріне қатысты жобаларды жасадық. Мәселен, бүгінге дейін Puma-ға, Davis Cup теннис турниріне, BMW және Madrid Marathon-ға жобалар жасадық”, – дейді Альбина. 

Оқу соңында ол ең үздік төрт студенттің қатарына кіріп, әйгілі “Реал Мадрид” футбол клубында жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Альбинаның айтуынша, бұл клубта қызмет ету негізгі мақсаты болмаған. Дегенмен осындай танымал жерде тәжірибе жинауға мүмкіндік алғанына қуанышты. 

“Бұл хабарды естігенде бойымды сантүрлі сезім биледі — қуаныш, алғыс, толқу, мақтаныш. Бірақ біз өзіміз департаментті, оның ішіндегі бағыттарды таңдай алмаймыз: университет пен "Реал Мадрид" клубының басшылығы студенттерді түйіндеме мен бос орындарға қарай өздері бөлді. Мен дәл Marketing Department Real Madrid Stadium түскеніме қуаныштымын. Себебі бұл - дәл менің бағытыма келетін бөлім”, – дейді ол. 

Қазір Альбина Испаниядағы “Сантьяго Бернабеу” спорт алаңына қатысты тапсырмаларды орындайды. Ол басқа әріптестерімен бірге осы алаңда алда болатын іс-шараларды ұйымдастырады, жанкүйерлермен байланыс орнатады. Ол осы қызметінің арқасында Қазақстандағы спорт алаңдарын дамыту бойынша біраз тәжірибе жинай аламын дейді. 

“Спорт алаңы – тұтас бір экожүйе. Мұнда мұражай, дүкендер мен мейрамханалар бар. Матчтардан басқа көптеген түрлі корпоративтік іс-шара, көрмелер мен концерттер өткізіледі. Қазақстанда да мұндай спорт алаңдары бар және жаңа нысандар салынып жатыр. Бірақ өкінішке қарай, ол нысандардың көбі кейін бос тұрады немесе табыс әкелмейді. Осы жаңа жаңа қызметімнің арқасында спорт алаңдарының ішкі жұмысымен таныса аламын. Олардың бизнес үлгісі қандай болатынын, қалай ақша таба алатынын және спорт алаңдары матчтар болмағанда, өз-өзін қамтамасыз ете алуы үшін не істеу керегін үйрене аламын”, – дейді маркетолог. 

Альбинаның сөзінше, “Реал Мадрид” футбол клубы әзірге үш айға келісімшарт жасаған. Егер одан кейін клубта бос жұмыс орны болса және Альбинаның білімі, қабілеті клуб шарттарына сай келсе, оған тұрақты жұмыс ұсынуы мүмкін. Дегенмен Альбина Қазақстанға оралып, жеке маркетинг агенттігін дамытқысы келеді екен.

“Дәл қазір жеке маркетинг агенттігім трансформация кезеңінде: жалпы маркетингтен спорт маркетингіне көшіп жатырмыз. Дәл осы тұста “Реал Мадрид” футбол клубындағы жұмысым құнды тәжірибе болмақ. Недегенмен “Реал Мадрид” – әлемге танымал, ресурсы көп, мамандары білікті клуб”, – дейді Альбина Бунеску. 

Қазақстандық маркетолог Альбина халықаралық компанияда жұмыс істеп, мансабын жоғарылатқысы келетіндерге өзінің ішкі қалауын тыңдауға шақырады. Оның айтуынша, әр адам өз қалауын тыңдап, оның іске асыру үшін тынбай білім алып, еңбек етуі керек. Ол үшін батыл әрі жауапты болған дұрыс. 

“Мен спорт индустриясы негізінен ерлерге тән сала екенін бастапқыда-ақ түсіндім. Бірақ қазір әйелдер спорты қарқынды дамып келе жатқанын байқап жүрмін. Меніңше, бұл – өте үлкен, болашағы зор бағыт. Оған қоса Real Madrid Universidad Europea университетінде спорт маркетингі саласында білім алып жатқан ұлдарға қарағанда қыздар көп болды. Меніңше, бұл – сұраныстың, трендтің белгісі. Болашақта жеке маркетинг агенттігімді дамытып, спорт саласына ден қойып, халықаралық деңгейге жеткенін қалаймын”, – дейді ол.
Наргиза Аршидин
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 16:07
Талқылау