Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет жартысын өтейді: Қазақстандықтар жаңа бағдарлама бойынша пәтерді жалға алудың қиындығына шағымданды

Елімізде жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғанымен, шын мұқтаждар оның рахатын сезіне алмауда. Потенциалды пәтер жалдаушылардың айтуынша, баспана иелері жарты ақысын мемлекет төлейтіндіктен, пәтерлерін жалға беруден бас тартуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айдана Бимұса Шымкент тұрғыны. Соңғы жеті жылда он шақты пәтер ауыстырған. Мемлекеттік баспананы жалға беру бағдарламасының іске қосылуы көпбалалы ананың көңілінде үміт отын жақты. Бірақ әйел қуанып үлгермеді. Жалға берушілер бағаны шарықтатып жіберген. Оған қоса, мұндай шарттармен мемлекетпен жұмыс істегілері жоқ.

"Пәтер иелері ЖК ашып, салық төлегілері келмейді. Жалға алудың елу пайызын субсидиялау бағдарламасын дұрыс емес жасалған деп санаймын. Ол жұмыс істей ме? Мен бір ай бұрын өтініш бердім, бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ",-  дейді әйел. 



Оның пікірінше, әсіресе, көпбалалы аналардың жағдайлары мүшкіл. Өйткені мүлік иелері оларға пәтерді жалға бергісі келмейді. Ақырында балаларын құшақтаған аналар жағдайы мүшкіл ескі үйлерді паналауға мәжбүр. 

"Пәтер иелерінің өз аргументтері бар. Олар мемлекет өз бөлігін уақытылы төлемей ме деп қорқады. Сондықтан да қаламайды. Ал біз лайықты үй таба алмасақ, 100 мың теңгеге жалдап тұруға мәжбүрміз", – дейді Айдана Бимұса.

Қазақстан бойынша баспананы жалға беру құны отыз пайызға қымбаттап кетті. Мұндай деректі риелторлар келтірді. Енді елордада бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 40-50 мың теңгеге артты.
"Жарты ақысын мемлекет төлейтін болса, патент алып, тоқсан сайын салық комитетіне есеп беру керек болады. Сол үшін де қиын. Бірақ егер пәтер иесінде патент болып, ол салық комитетіне уақытылы есеп өткізіп отырса, ешқандай мәселе туындамайды", – дейді риелтор Бақытгүл Ешенқұлова. 

Десе де бағдарлама іске қосылды және адамдарға көмегін тигізуде. Еске салайық, баспананы жалға беру субсидиясының операторы – Отбасы банк. Бағдарлама шарттарына азаматтардың төрт санаты сай келеді: бірінші және екінші топ мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен көпбалалы отбасылар. 

Он сегізінші сәуірден бастап 13,5 мыңнан аса адам бағдарлама бойынша өтініш білдірген. Үш мыңнан аса адамның өтініші мақұлданды. 
"Шарттардың бірі – отбасының соңғы 6 айдағы табысы күнкөріс минимумының бір реттік көлемінен аспауы тиіс. Субсидиялауға берілген өтініш сандық қолтаңбамен расталуы керек",  – дейді "Отбасы банк" басқарма төрайымы Ляззат ИБРАГИМОВА. 

Ал өзге шарттармен банк сайтынан танысуға болады. Сонымен қатар Ляззат Ибрагимова баспана бағасына қатысты болжам жасады. 
"Жарты жылдықтың нәтижесіне қарап, баспана бағасының өсуі баяулап қалғанын байқаймыз. Бірақ сарапшы ретінде баға жаппай төмендейді деп айта алмаймын", –  деді ол. 
 

Талқылау