Тұмар патшайым (Томирис) жайлы не білеміз: Ойдан шығарылмаған 10 дерек
Қазақстандықтардың назарына дүние жүзі тарихында батырлығы әрі даналығымен сақталған сақтардың ұлы патшайымы Тұмар (Томирис) жайлы тарихи фильм ұсынылды. Кинотуындыны тамашалаған отандастарымыздың пікірі екіге бөлінді. Бірі фильмнің өте жоғары деңгейде түсірілген, ел мен жерге деген ыстық сезімді оятатын сапалы өнім ретінде бағаласа, екіншісі туындының тарихи деректерге онша жанаспайтынын, ғылым тұрғысынан алғанда қателіктері жеткілікті екенін алға тартты. Пікірталас алаңында "Тұмар патшайым шынайы өмірде қандай болған?" деген сұрақ еріксіз туындайды. Stan.kz ақпарат агенттігінің редакциясы ұлы патшайым жайлы жазылған тарихи мәліметтерге сүйеніп, сұрағыңызға жауап беретін, ойдан шығарылмаған 10 деректі ұсынады.
- Парсыларды ойсырата жеңген Тұмар патшайым б.з.д. VI ғасырдың басында, массагет патшасы Спаргапистің отбасында дүниеге келген. Оның анасы — аби тайпасы көсемінің қызы.
- Тұмар дүние есігін аша сала, анасынан айырылған. Алайда, кейбір деректерде патшайымның анасы бала босанғанда емес, сәл кейін қайтыс болғаны айтылады.
- Тұмар — сақ көсемі Ишпакайдың ұрпағы. Патшайымның әкесі асқан даналығымен, соғыстарды мінсіз жүргізу тактикасымен және тайпалар арасындағы дау-дамайды керемет шеше білетін қасиетімен ел жадында сақталған.
- Тұмар бар болғаны бес жасында асау атты үйретіп, бір жылдан кейін акинакты (сақтардың 40-60 сантиметрлік семсері — ред.) қолдануды үйренген.
- Болашақ патшайым он үш жасында найза, семсермен керемет шайқасуды білді. Садақтан оқ атуға келгенде ол ешкімге дес бермейтін. Тұмар мінген ат шу дегенде маңына қара ілестірмейтін хас тұлпар еді.
- Ол әкесі ұйымдастырған мерекелік жиындардың бірінде болашақ күйеуі Рұстамды кездестірген. Рустам — тиграхауда-сақтардың патшасы Каводаның ұлы. Бірде бір рет жеңіліп көрмеген, мықты сарбаз болған. Рұстамның қайраттылығы мен қайсарлығына тамсанған Тұмар оны өзіне тең келетін, іңкәр сезіміне лайықты жан деп шешіп, оған тұрмысқа шыққан. Алайда, Рұстам шаңырақ көтергеннен кейін әйеліне жаңа қырымен танылып, көңілін қалдырған екен. Майданда батыр жауынгер қарапайым өмірде күн сайын думандатып той тойлаудан шаршамайтын қарапайым жан еді. Еңбекқор, қайсар мінезді Тұмар жолдасы ұстанған өмір салтын түсінбейтін.
Сақтар туралы деректер >>>
- Патшайымды тақтан құлатуды көздегендер аз емес. Тұмармен тіл табыса алмаған, одан қорыққан тайпа көсемдері бар өтініштерін ақкөңіл, көңілшек Рұстам арқылы жеткізетін.
- Сақ патшайымы Тұмар — жауынгер әйелдердің пірі. Ол бірінші болып мыңдаған жауынгер әйелдерден әскери жасақ құрған. Әйелдер батырлық жағынан ер адамдардан кем түспеді. Ер кісілер секілді майданда өлімнен қорықпай батыл шайқасты.
- Геродот "ең ұлы және ең қатыгез" деп атаған шайқас сақтар мен парсылардың арасында өткен. Шамамен б.з.д 530-529 жылдары көптеген елдерді бағындырып, "Азия билеушісі" деген атпен танылған Мидия патшасы Кир Ұлы даланы бағындыру үшін жорыққа шықты. Шайқастардың бірінде ол Тұмардың күйеуі Рустамды өлтіріп, баласын тұтқынға алды. Патшайымның ұлы Спаргапис тұтқында қаза тапты. Алайда, ақтық шайқаста массагеттер парсылардың күл-талқанын шығарып, жеңіске жетеді.
- Патшайым қайтыс болғанда сақ әскер мен жерін бір емес, үш ер кісі басқарған.
Талқылау