Парламент жер дауынан кейін әзірленген заңды қабылдады
Сенат депутаттары бүгін жер дауынан кейін әзірленген кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екі оқылымда қарап қабылдады.
Енді заң президенттің қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды Sputnik.
Үкімет басшысының орынбасары және ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев атап өткендей, заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру; ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу; шекара аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту; тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерді қамтиды.
Заң жобасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға берудің жаңа, әрі арнайы тәртібі қарастырылып отыр. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі.
“Тізбені ауданның жер қатынастары жөніндегі бөлімдері қалыптастырып, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген соң, аудандық әкімдіктер бекітеді. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамының 50%-ы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерінен тұратын болады. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізілді. Сонымен бірге, конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін хабарландыру тек аудандық қана емес басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады”, — деді вице-премьер бүгін сенат отырысында.
Жерлерді тиімді пайдалану үшін талаптар күшейтілмек. Осы мақсатта заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Жалдау уақытының алғашқы 5 жылында – жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістікте – 3 жыл сайын, тәлімді жерлерде – 5 жыл сайын жүргізілетін болады. Жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағаны анықталған жағдайда келісімшартты өкілетті орган бір жақты бұзуға құқылы.
“Ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде “бір қолға” берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары (қалалары) шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері маслихаттар мен атқарушы органдардың бірлескен ұсынысының негізінде үкімет бекітеді. Ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесі әзірленді”, — деді Шөкеев.
Оның айтуынша, шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстанның шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және Қазақстанның құрамында шетелдіктер бар заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Мемлекеттік шекараның аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беру құқығында берілетін болады. Ал, мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді. Бұл аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
“Осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беруге енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр. Онда бір пайыз болса да, шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады”, — деді ауыл шаруашылығы министрі.
Еске сала кетсек, 2016 жылы елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда, ауылшаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға сату және шетелдіктерге жалға беруге қарсылық танытып, бірнеше өңірде митинг де өтті.
Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, оның негізінде заң жобасы дайындалған еді.
Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан президенті қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты.
Оқи отырыңыз:
Назарбаев: Qazaq Bank, Астана Банкі және Эксимбанк нашар көрсеткіштерге ие
Асанәлі Әшімов: 17 жасымда оқуға емтихан қабылдаған адам маған ауылшаруашылығына бар деді