Парамен ұсталған Алматы әкімдігінің қызметкері 6 жылға сотталды
Алматы Медеу соты қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажинді 19,5 миллион теңге пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы
"Ол жергілікті кәсіпкерден 19,5 миллион теңге көлемінде ақша алып, оны аула аумақтарын санитарлық тазалау бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға жәрдемдесу сылтауымен иемденгені үшін кінәлі деп танылды", – делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарламада.
Сот Қажинді алты жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
"Сотталған азаматтың 21 миллион теңгеден асатын екі автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік кіріс ретінде алынады", – деп мәлімдеді агенттік.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының басшылары мен пара берген 4 адамға үкім шықты. Осы үкіммен пара берушілер Балацкая, Бекишев, Бекшин және Андриенкоға 540 мыңнан 3 млн теңгеге дейінгі айыппұл салынды. Сонымен қатар сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынады. Егер олар айыппұл төлемесе, жазалары бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.