Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пандемия кедергі емес: Қазақстандықтардың шектеу шараларына қарамастан шетелге жиі шығуына не себеп?

Қазақстандықтар әлемде қатерлі дерттің таралуына қарамастан шетел асып, демалғанды жөн көреді. Бүгінде үкімет бірқатар елдерге баруға рұқсатын берген. Отандастарымыздың қиындықтарды елемей шет мемлекеттерге асығуына не себеп? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеп хабарлайды. 

саяхат

Өткен жылы туризм саласының ұйымдары 730 млрд долларға шығындалған. Мамандардың сөзінше, тіпті 2008 жылдардағы дағдарыстан кейін де мұндай шығын болмаған. 

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері шетелге шығатын Қазақстан азаматтарының саны 73%-ға төмендеген. Ал туроператорлар арқылы шығатын адамдардың саны 70%-ға азайыпты. Жалпы, тур операторлардың қызметіне жүгініп, шетел асқан адамдардың саны 300 мыңға жуық.

ҚР мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков елдің шекарасынан өткенде арнайы талаптардың бар екенін ескерді. 

"Ең негізгі талап олар Қазақстанмен тікелей әуе рейстері бар елдерге ғана бара алады. Және ол елдерге бару үшін бізден ғана емес, қабылдаған елдерден де талаптар бар. Мысалға, көптеген елдерде 72 сағаттық қорытындысы бар ПТР-тест қажет етеді. Онсыз ешқандай елге біз бара алмаймыз қазір", - деді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков. 

Қоғам белсендісінің сөзінше, қазіргі күні қазақстандықтар отандық туризм дамымағандықтан, шет елге шығуды жөн көретінін алға тартады  .

"Ақша болса менің де кетіп қалғым келеді. Өйткені демалатын жер болмаса не істейсің?! Мәселе Қазақстанның ішкі туризмі дами ма, дамымай ма?! Демалатын жер бар ма, жоқ па?! Мысалға, Нұр-Сұлтанда бір жарым миллион адам бар. Қамалып отырмай шыққысы келеді, таза ауа жұтқысы келеді, бірақ олар қайда барады?!", - дейді мәдениеттанушы, қоғам белсендісі Серік Ерғали. 

Бүгінгі күні қазақстандық туроператорлар да қазір бағаларын төмендетіп, тиісті тестті тапсыру үрдісін жеңілдетіп, шет мемлекеттерге саяхатқа шығатындарға бар жағдайды жасаған. Мысалға, Бахтияр Омаров шетелге баруға мүлде қиындық болмағанын айтады.

"Қазақстаннан ПТР-тест тапсырып, бардық. Бастысы - маска тағып, антисептик сеуіп, талап сақтау.  Ол жаққа барғанда қайтадан ПТР-тест тапсыртады. Қайтарда адамның өз еркі. Тапсырмасаң, өз қалаңа келгенде карантинге жатқызады. Мен жатқым келмегендіктен, Дубайдың ауруханасына барып тапсырдым", - деді елорда тұрғыны Бахтияр Омаров. 

Айта кетейік,  қазақстандықтар бұрынғыдай Түркия, Мысыр және  БАӘ елдеріне жиі сапарлап жатыр. Тіпті, көршілес Ресейдің өзінде отандастарымыз әлі де көп екен. 

"Иә, қазір туризм маусымы емес, дегенмен көп турист тауға барып сырғанайды, шаңғы тебеді. Оның ішінде сіздердің азаматтарыңыз көп. Жазда баға өсе бастауы да кедергі емес", - деді туризм саласының қызметкері Александр Коновалов.  

"Еуропа мемлекеттерінен көп келеді. Туристеріміздің екі, үш пайызы - Қазақстан азаматтары. Олардың тұрақты келетіні ұнайды", - деді демалыс аймағының басшысы Александр.  

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда туризмді қолдауға 164 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетіні айтылған еді. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 23 Ақпан, 2021 14:04
Талқылау