Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам TikTok-ты өшірмегені үшін қызын атып өлтірді

AFP Пәкістанда ер адам қызын Tik Tok үшін атып өлтіргенФото: AFP

Пәкістан полициясы 11 шілдеде ер адамның өз қызын TikTok-тағы парақшасын өшірмегені үшін атып өлтіргенін мәлімдеді. Қайғылы оқиға Исламабадқа жақын орналасқан Равалпинди қаласында болған. Қыз небәрі 16 жаста еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аrabnews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның айтуынша, әкесі қызына TikTok-ты өшіруді бұйырған. Қыз көнбеген соң, ол ашуға мініп, қызына оқ атқан. Қыз сол жерде көз жұмған. Кейін әкесі ұсталып, қамауға алынды. Алғашында отбасы бұл жағдайды "өзіне қол жұмсады" деп көрсетуге тырысқан.

Пәкістан – мұсылмандар көп тұратын ел. Мұнда кейбір отбасыларда қыздарға қатаң тәртіп қойылады. Қоғамда да, интернетте де "әдепті" болу талап етіледі. Қыздар бұл ережені бұзса, өз отбасынан қысым көруі мүмкін.

Айта кетейік, TikTok Пәкістанда өте танымал. Әсіресе оқу-жазуы қиын адамдар үшін бұл қосымша қолжетімді. Әйелдер үшін TikTok табыс табуға және өз аудиториясын жасайтын алаңға айналған. Алайда елде ерлердің 58 пайызы смартфон қолданса, әйелдердің небәрі 30%-ы ғана қолданады. TikTok-тағы ашық видеолар мен ЛГБТ тақырыптарына байланысты Пәкістан билігі бұл қосымшаны бірнеше рет жабуға тырысқан.


Ирандық ер адам қызын жұмысы үшін жұрттың көзінше пышақтап өлтірген


"Бір топ өте бай адам": Трамп TikTok-ты сатып алғысы келетін адамды тапты


Еске салайық, бұған дейін шілде айының басында Пәкістанда 17 жастағы TikTok блогері Сана Юсуф туған күнінен кейін өз үйінде атып өлтірілді. Қызды өлтірді деген күдікпен 22 жастағы блогер Омар Хаят ұсталды. Ол Санаға бірнеше рет достық пен кездесу ұсынғанымен, қыз оның ұсынысын қабылдамаған. Күдікті Сана тұратын үйдің маңында жиі жүрген, ақыры ішке кіріп, екі рет оқ атып, телефонын ұрлап кеткен. Оқиға кезінде үйде болған Сана Юсуфтың әпкесін де қорқытқан.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 11:10
Талқылау