Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайтыс болды" делінген 95 жастағы әжей табытынан шығып, өз үйінде жайбарақат тамақ әзірлеген

Ли Сюфэн зомби-әжейФото: Mirror.co.uk

Қытайда бір апта бұрын көз жұмған 95 жастағы Ли Сюфэн есімді әжей табытынан шығып, өз ас үйінде жайбарақат тамақ әзірлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror.co.uk-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Әжей жақында құлап, басын жарақаттап алған. Салдарынан бір күні таңертең оянбаған, мұны көрген көршісі Чэнь Цинван оны көз жұмды деп ойлаған. Ол ұйықтап жатқан әжейді оятуға тырысқанымен, есін жиғыза алмаған. 

Ол 2012 жылғы ақпанда болған оқиға туралы айтып берді.

“Мен оны оятуға келдім. Қанша қатты жұлқып, атын атап шақырсам да, ол ешқандай белгі бермеді. Бірдеңе дұрыс емес екенін түсініп, тынысын тексердім демалмады. Бірақ денесі әлі жылы еді”, – деді ол.

Қарт әжей жалғыз тұрғандықтан, Цинван мырза оның жерлеу рәсімін лайықты түрде ұйымдастыруды өз мойнына алған. Қытай дәстүрі бойынша, марқұмның табыты бірнеше күн бойы үйде ашық күйде тұрады, бұл туыстары мен достарына соңғы рет қоштасуға мүмкіндік береді. Алайда бірнеше күннен кейін әжейдің табыты бос болып шыққан.

Сюфэн ханымды 19 ақпанда, оны “қайтыс болды” деп жариялағаннан екі күн өткен соң табытқа салған. Жерлеу рәсімі алты күннен кейін өтуге тиіс еді. Бірақ 24 ақпанда, рәсімге бір күн қалғанда, Цинван мырза көршісінің үйін тексеруге келіп, табыттың бос екенін, ал дененің жоғалып кеткенін көріп, қатты шошыған.

“Біз қатты қорқып кеттік те, дереу көршілерді көмекке шақырдық”, – деді ол.

Жергілікті тұрғындар зиратты тонау немесе басқа бір қорқынышты қылмыс болуы мүмкін деп күмәнданып, дереу іздеу жұмыстарын бастаған. Олар үйдің ас бөлмесіне кіргенде Сюфэн ханымның жайбарақат өзіне тамақ дайындап отырғанын көреді.

“Мен өте ұзақ ұйықтаппын. Оянған соң қатты қарным ашып, тамақ пісіргім келді. Табыттың қақпағын ұзақ уақыт итеріп, әрең шығып алдым”, – дейді Сюфэн әжей көршілеріне.

Алғашында дәрігерлер қатты таңғалды. Бірақ тексеруден кейін оның тынысы уақытша тоқтап, денесі жылы күйінде қалатын “жасанды өлім” деп аталатын сирек жағдайды бастан өткергенін анықтады. Мұндай жағдай медицина тарихында санаулы ғана рет тіркелген.

Аурухана дәрігерлерінің бірі:

“Табытты бірнеше күн бойы үйде ұстау дәстүрінің арқасында оны аман алып қалу мүмкін болды”, – деді.

Алайда тағы бір жергілікті дәстүр бойынша, адам қайтыс болғаннан кейін оның барлық дүние-мүлкі өртелуге тиіс, себебі олар иесімен бірге о дүниеге барады деп сенеді. Салдарынан Сюфэн ханым тірі қалғанымен, бүкіл мүлкінен айырылып, қолында ештеңе қалмаған.

Сюфэн ханым “жасанды өлімнің” жалғыз мысалы емес. 1915 жылы АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатында 32 жастағы Эсси Данбар ұйқы кезінде эпилепсия ұстамасынан кейін қайтыс болды деп саналып, жерлеу рәсімі өткізілген. Бірақ оның әпкесі табытты соңғы рет ашуды сұрағанда, Эсси кенеттен табытта отырып, оған күлімсіреп қараған.

Айтуларынша, дін қызметкерлері қатты шошып, талып қалып, тіпті біреуі қабірге құлап, үш қабырғасын сындырған.

Ал 2014 жылы АҚШ-тың Миссисипи штатында 78 жастағы Уолтер Уильямс қайтыс болды деп жарияланған. Бірақ оның денесі мәйітханаға арнайы қапта жеткізілгенде, қызметкерлер қозғалысты байқап қалған. Уолтер Уильямс тірі болып шыққан.

Айта кетейік, бұған дейін кір жуғыш машинаға "жуылып" шыққан мысық аман қалғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жексенбі, 21 Желтоқсан, 2025 22:25