Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық коммуналдық қызмет бухгалтері 58 миллион теңге жымқырды деп айыпталды

Алматы тұрғындары коммуналдық қызметте жұмыс істеген бухгалтерді ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, әйел қоммуналдық қызмет қаражатынан 58 миллион теңгені жымқырып, жеке қажетіне жұмсаған. Соның салдарынан бір тұрғын үй кешенінің тұрғындары жөндеу жұмыстарынан қағылып, тұрмыстық қиындықтарға тап болды: төрт қабатты үйлерде жиі жарық өшіп, жертөлені су басып, шатырдан су аққан. Аталған мәселелерді шешуге арналған қаржы бөтен біреудің шотында жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

"Медеу" тұрғын үй кешенінің елуге жуық тұрғыны жиналысқа жиналды. Күн тәртібінде – ірі көлемдегі ұрлық. Тұрғындар үй ішіндегі желілерді жөндеуге деп жинаған ақшаның жоғалып кеткенін айтады. Коммуналдық қызмет  төрағасы Рыскелді Садермековтың сөзінше, қаражатты бухгалтер иемденіп кеткен. Әріптесіне алғаш күдік келтірген де төрағаның өзі екен. Ол банк үзінділерін сұратып алып, бухгалтердің тұрғындар ақшасын өз жеке шотына аударып отырғанын анықтаған.

"Ақша жетпейді. Қайда кетті бұл ақша? Жалақыны да кеш аламыз, кейде 10-ы, кейде 15-і күні. Содан күдік туды. Сөйтсем, бухгалтеріміз Виктория Санчило өзі үшін жеке кәсіпкерлік ашып, коммуналдық қызметтің барлық ақшасын сол жеке кәсіпкерлікке аударып отырған", – деді Рыскелді Садермеков.

Коммуналдық қызмет өкілдері бұл деректі аудиторлық тексеріс те растағанын айтады. Тексеруден кейін үш жыл ішінде бухгалтер есептегіш құралдарға төлем жасаған болып, шамамен 58 миллион 282 мың теңгені өз шотына аударғаны белгілі болған. Құжаттарда "есептегіш құралдарға төлем" деп көрсетілген. Бірақ әр парақта осындай жазба.

Тұрғын Хадиша Тасыбаеваның айтуынша, бұл ақша үйлердің шатырын жөндеп, жарық жүйесін қалпына келтіруге жұмсалуға тиіс болған. Алайда қазір жағдай өте мүшкіл: шатырдан су ағып, жарық сөніп тұрады, ал жертөлелерді су басқан.

"Подъезде канализация иісі мүңкіп тұр. Бірінші қабатта тұратын мен терезе аша алмаймын. Коммуналдық қызметіне қоңырау шаламын, бірақ ешқандай әрекет жоқ. Өзім арнайы түсіп көрсем, лас қалдықтар жертөледе жатыр. Келіп, хлор шашқанда бәрі шыж-шыж қайнап жатты. Біз соны жұтып жүрміз", – деді Хадиша Тасыбаева.

Көбінің түсінбейтіні – бухгалтердің өзі де осы үйде тұрады. Яғни жағдайды өз көзімен көріп отыр. Алматылық Ольга Лотореваның айтуынша, бірнеше рет танысын ар-ұятқа шақырып көрген, бірақ әйел тыңдаудан бас тартқан.



"Ақша алдың ба? Саған ақша жымқырды деген айып тағылып отыр. Алдың ба?" деп сұрадық. Ол: "Иә, алдым" деді. Шок болдық. "Саған бұл миллиондар неге керек болды?" дедік. Ол: "Сол ақшамен өмір сүрдім" деді. Түрі міз бақпайды, беті қалың. Яғни, ол бұл әрекетті әдейі жасаған", – деді Ольга Лоторева.

Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда бухгалтер ақшаны қайтарамын деп уәде берген. Алайда үш ай өтті, кооператив шотына бір тиын да түспеген. Қазір ол мүлде байланысқа шықпай қойған.

Тұрғындар енді оның ақшаны қайтармайтынына көз жеткізген. Сондықтан бәрі бірігіп полицияға арыз жазған.

"Бостандық ауданы полиция басқармасы коммуналдық қызметіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу аясында жан-жақты және объективті тексеру үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тінту жұмыстары да қолға алынған", – деді Алматы полиция департаменті.

Қазір бухгалтер жұмыстан шығарылды. Тұрғындар оның ұрланған ақшамен бірге Қонаев қаласына кетіп қалғанынан қауіптеніп отыр. Сақтық үшін олар прокуратураға да арыз жазған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көпқабатты үйлерді басқару жүйесін ауқымды реформа күтіп тұрғанын жаздық. Мәжіліс заң жобаларын қарастырып, оған сәйкес Пәтер иелері кооперативінен түпкілікті бас тартуды жоспарлап отыр. Мәжілісте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалауға бағытталған үш заң жобасы қаралды. Олардың қатарында тұрғын үй қатынастары, салықтық реттеу және осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Талқыланып жатқан өзгерістер көппәтерлі үйлерді басқару механизміне, салық салуға, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке әсер етеді.

Талқылау