Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзгелер қателікті қайталамасын: Алматыда қаржы пирамидасынан алданғандар заңды қатаңдатуды талап етті

Алматыда "Елім-ай" тұтыну кооперативі" қаржы пирамидасынан алданғандар "Әрекет" қоғамдық бірлестігін құрмақшы. Олар күдікті инвестициялық компаниялар мен кооперацияларды тіркеу бойынша талаптарды қатаңдату керек деп есептейді. Алданғандар алаяқтарға 1 миллиард теңгеден астам қаржы берген. Енді өз қателіктерін өзгелер қайталамаса дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

пирамида

"Елім-ай" қаржы пирамидасы тұрғын үй кооперативі ретінде жұмыс істеген. 2019 жылдан бастап ұйымдастырушылар 3 мыңнан аса адамды алдаған. Салымшыларға бір жылда пәтер және үй алуға уәде берген. Халықтан 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы жинаған соң өз міндеттемелерін орындамаған. 

"Елім-ай" туралы әлеуметтік желіден білдік. Оларға сендік. Уақыт өте пәтер мен үйді қаржы пирамидасының басшылары, қызметкерлері мен олардың туыстары ғана алғаны түсінікті болды", – деді зардап шеккендердің бірі Гүлзада Жұмахынова. 

Пирамиданы ұйымдастырған Қызбаев пен Өмірбаева қазір тергеліп жатыр. Оларға қаржы пирамидасын құру бойынша айып тағылған. Жарты жыл өткенімен, іс орнынан жылжымады, деп ашынады алданғандар. Олар енді қоғамдық бірлестік құрып, осы тектес ұйымдарды тіркеу бойынша заңды қатаңдатуды талап етпекші. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық пәнін енгізу керек деп санайды. 

Экономистер азаматтардың сенгіш екенін және жеңіл ақшаны қалайтынын айтты. 

"Егер сізден дәл қазір төлем жаса немесе қаржы сал десе, "Мен ойланып алайын" деп айтқан жөн. Достарыңызбен, әріптестеріңізбен ақылдасыңыз. Сыни ойлай алуды бірінші кезекте дамыту қажет", – деді қаржы сарапшысы Ғани Абадан.

2021 жылы Қазақстанда қаржы пирамидаларынан 30 мыңға жуық адам зардап шеккен. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 87 миллиард теңге. 

Талқылау