Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзен суының құрамы бұзылған": ШҚО тұрғындары шошқа фермасының қайта жұмыс істеп жатқанына наразы

Өскемен маңындағы үш ауылдың тұрғындары жақында талпақ танау бағып отырған фермаға шағымдарын жаудырды. Ақпан айында сот жеке кәсіпкерліктің жұмысын тоқтату бойынша шешім шығарса да, жұмыс әлі жалғасып жатқан көрінеді. Stan.kz тілшісі осы мәселеге толығырақ үңілді.

"Бұл жерде шошқа фермасы болмауы керек"

ШҚО Экология департаменті мен тұрғындар тізе қосып, "даулы істің нүктесі қойылды" деген еді бірнеше ай бұрын. Биыл ақпан айында Лесхоз кенті мен Шмелов Лог ауданы маңындағы шошқа фермасының жұмысын тоқтату бойынша сот ресми шешім шығарды. Әрі қарай істің барысын бақылау сот орындаушысына тапсырылған болатын. Ол екі жерде де талпақ танаудың жоқтығын тіркеп, сот шешімінің орындалғаны туралы мәлімет берген. Бірақ жағымсыз иіс қолқаны қапқан соң ауыл тұрғындары қайтадан экологтарға жүгінді.

Мемлекеттік сот орындаушысы аталған орындарға сәуір айының 4-і күні барған. Ол кезде қора-қопасының іші бос болса керек. Арада бірнеше күн өткенде әкімдік өкілдері мен экологтар сол жерге арнайы барды.
"Санитарлық-экологиялық талаптар орындалмай отыр. Шошқа кешенінің қожайыны сот шешіміне қарамастан, лас тірлігін тоқтатар емес. Өзен суының құрамы бұзылған, сасып тұрады. Бұл жерде шошқа фермасы болмауы керек", – деді Лесхоз кентінің тұрғыны Ольга Савинова.

Бастапқыда экологтардың өздері жағдайдың рас-өтірігін анықтау үшін қораның ішіне кіре алмады. Тек арада уақыт өтіп барып, түскі астан кейін тынығып жатқан қарасы мол талпақ танауды көрген. Жауапты тұлғалар айтқандай, "Митин А.Б." жеке кәсіпкерлері әлі де шошқа бағып отыр және сол учаскеден тезек араласқан қоймалжың өзенге құйылып жатыр. 

Жиырма жылдан бері кетпеген жағымсыз иіс

Ал ауадағы күлімсі иістің құрамында адам денсаулығына зиян қоспалар бар деді.
"Фермадан шығатын небір қалдықтардың өзенге құйылғанын анық көрдік. "Мұны неге жаппайды?" деп сот орындаушысына да бардық. Оның сөзінше, тексеріс кезінде көпшілік айтып жүрген сегіз мыңдай талпақ танауды көрмепті. Прокуратура қайда қарап отыр?" – дейді тұрғындар.

ШҚО Әділет департаменті атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұржан Құрманғалиевтің сөзінше, сот шешімі шыққан соң жұмыс аздаған уақытқа тоқтап, кейін қайта жалғасқан болуы мүмкін.
"Бәлкім, тексеріс келер алдында ферма қожайыны шошқаларды басқа жаққа айдап жіберді. Десе де сот орындаушысы облыстық Ауыл шаруашылық басқармасына "Митин А.Б" жеке кәсіпкерлігінің 8000 бас талпақ танау бағып отыруы бойынша сұраухат жібергенде, ол мәлімет расталмады", – деді ол.

Тұрғындар "Степное ауылы мен Лесхоз маңын 20 жылдан бері жайлап келе жатқан жағдаймен қайта күресіп бастаймыз ба?" деп алаң білдірді. Бұл ретте облыстық Экология департаменті басшылығы ферма жұмысын түпкілікті тоқтату үшін барын салатындарын мәлімеді. 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Талқылау