Өзбекстанда көлік нөміріне адам есімін жазуға рұқсат берілмек
Фото: ChatGpt арқылы жасалды
Өзбекстан үкіметі 2025 жылдың 4 қыркүйегінде №562 қаулы қабылдап, автомобиль нөмірлерінде есімдер мен сөздерді қолдануға рұқсат берді. Заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі UzA басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік унитарлық компания "Uzavtomotobelgi" енді бірегей нөмірлерді сатуға құқылы болады. Нөмірдер ең көп дегенде алты әріп пен (немесе) цифрадан тұратын комбинациялардан құралып, ашық электронды аукциондарға қойылады.
Сонымен бірге, комбинациялар бұрыннан бар нөмірлерді қайталамауы, заңнаманы бұзбауы және қорлайтын сөздерді қамтымауы тиіс.
Келесі жылдан бастап Өзбекстан елінің жолдарында "SARVAR", "AZIZA", "ODIL" немесе "BUXORO" секілді нөмірлі көліктерді көруге болады.
2023 жылдың шілде айында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Қазақстан "мемлекеттік нөмірлер конструкторы" қызметін іске қосуға дайындалып жатқанын хабарлаған еді. Бұл қызмет арқылы көлік иелері өздері қалаған әріптік таңбаларды таңдай алады.
Қазіргі кезде eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы қайталанатын сандары бар (айна) нөмірлерді тапсырыс беруге болады. Бірақ министрдің айтуынша, одан да ыңғайлы әрі еркін сервиске сұраныс артып келеді.
"Мұндай функция арқылы клиент нөмірге кез келген әріптерді таңдап жаза алады. Мәселен, өз атының алғашқы үш әрпін. Бұл қызметке сұраныс бізде өте жоғары", – деп жазды сол кезде Мусин Telegram парақшасында.
Қызметті іске асыру үшін заңнамалық тұрғыдан сұранысы жоғары нөмірлердің тізімін кеңейту қажет.
Алайда бұл идея бұған дейін де көтерілген. Мәселен, 2018 жылы Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев автокөлік нөмірлеріне иесінің атын жазуға рұқсат беру туралы ұсыныс жасаған. Ол кезде Ішкі істер министрлігі мұндай бастама қарастырылмағанын айтқан еді.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
