Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбек, орыс, кәріс балалар бар: Түркістан облысында 18 бала асырап алған ана тұрады

Түркістан облысы Кентау қаласында он сегіз баланы бауырына басқан Түймегүл Ердешова есімді ана тұрады. Балаларының ең үлкені 27-ге келсе, кішісі төрт жаста екен. Әйел тіпті өзге ұлт өкілдерінің балалары бауырына басқан. Stan.kz тілшісі аяулы жанмен тілдесіп, бала тәрбиесіндегі құпиясын, отбасында қандай құндылықтарды насихаттап, ұрпақтарының бойына сіңіріп жүргенін сұрады.

Түймегүл Ердешова, жеке архивтен

Түймегүл апайдың жиырмаға жуық баланы бауырына басуы нағыз ерліктің үлгісі десе болғандай.  Қолынан келмейтіні де жоқ. Бүгінде балаларымен бірге тұрып жатқан баспанасын да ешкімнің қолдауынсыз өзі соққан.

Көлік, мотоцикл жүргізу де – Түймегүл апайдың сүйікті ісі. Дәнекерлеуді де жақсы меңгерген. Яғни ер азаматтардың атқаратын барлық ісін еш қиындықсыз істей беретін Түймегүл Ердешқызы сөйте тұра өзінің нәзіктігін жоғалтпаған. Оның даладай кең пейілі он сегіз балаға жылулық сыйлап тұр. 

Елдің назарын өзіне аударуды көздеген емес. Тағдырдың басқа жазғаны болар, әкесі өмірден өткен соң, өзінің бірге туған бауырларына қарайласамын деп тұрмыс құрған жоқ. Жасы отыз үшке таяған шақта барып, бала асырап алу туралы ұйғарымға келеді. Өзімен бірге тұратын анасы да бұл ұсынысын құптай кетеді. 

Түймегүл Ердешова, жеке архивтен

"Өзім көп балалы отбасында өстім. Сондықтан ба, балаларымның көп болғанын қаладым. Өзім өмірге әкелмесем де, әрбір балаға туған баламдай бар ықыласымда аудардым. Ең алғашқы баламды перзентханада үш күн жатқаннан кейін бірден қолыма алу бұйырды. Ол кездегі кеудемді билеген қуанышты сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Одан кейінгісін екі жарым жасында алдым. Осылай жалғасып кете берді" дейді ол.  

Түймегүл Ердешқызы балаларының төртеуін ғана өзінің атына жаздырыпты. Жасы 45-тен асқаннан кейін, өзінің атына бала берілмейтіндіктен, қалғандарын патронаттыққа жазуға тура келіпті. 

Кейіпкеріміздің балаларды асырап алып, оларды жетілдіру барысында оңай жолмен жүріп өтпегенін аңдауға болады. 

“Балаларымның төртеуі шала туған. Ең аз салмақтағысы –  630 грамм. Одан кейінгісінің салмағы – 970 гр. Одан кейінгілері – 1 кг 300 гр, 1кг 400 гр. Өте аз салмақта туған балаларыма басында біраз алаңдағаным рас. Бірақ Аллаға тәуекел етіп, бауырыма басқан соң, бар күш-жігерімді салдым. Ауырып қалып әбігерге түсетін кездеріміз де болды. Мұндайда жергілікті емханамыздың дәрігерлері мен мейірбикелері қасымыздан табылып, зор қолдау көрсетті", – дейді Түймегүл Ердешова.

Түймегүл Ердешова, жеке архивтен

Шындығында да ешқандай бақай есепсіз осыншама балаға ана да, пана да бола білген дана әйелдің күш-жігеріне таңданбасқа шараң жоқ. 

Әр бала – бір әлем десек, олардың әрқайсысын өсіріп, жетілдіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осынау жауапкершілік жүгін қара нардай қасқайып көтеріп келе жатқан абзал ананың қайсарлығы барша нәзікжандыларға үлгі-өнеге десек болғандай. 

Түймегүл Ердешқызы бір сәт қол қусырып қарап отырған емес. 26 жасынан бастап саудаға бет бұрған ол өз кәсібінен нәсібін тауып келеді. Бүгінде балаларының несібесі болса керек наубайхана, асхана, азық-түлік дүкені сынды бір емес бірнеше кәсіптің түрін дөңгелетіп отыр.

Түймегүл Ердешова, жеке архивтен
Түймегүл апайдың шаңырағындағы айта кетерлік тағы бір ерекшелік – өзге ұлттың балалары да бұл отбасында қазақи тәрбие алып, өсіп жатқандығы.

"Біздің отбасымызда өзбек те, орыс та, кәріс те бар. Балаларымның ешбірін бөліп жармаймын. Барлығы маған бірдей. Әрбірінің бойынан қазақтың ұлттық тәрбиесі көрініп тұрса, отбасын, елін, жерін, Отанын құрметтеп тұрса, маған осы үлкен бақыт", – дейді ақ жаулықты ана.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Түймегүл Ердешқызы бірнеше кәсіпті жүргізіп отырған іскер ана. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі десек, балапандардың әрқайсысын кішкентай күнінен еңбекке баулып, өсіріп келеді. Бүгінде балалардың кішкентайы 4-те болса, үлкені 27-де. Олар да қай кезде де анасының жанынан табылып, әрбір істе қол ұшын беріп отырады. 

Үлкен ұлы Нұрғазы үйлі-баранды болып, бүгінде Түймегүл апайды әже атандырып отырған жайы бар. 
 

 

Гүлмира САДЫҚ

Талқылау