Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз ұстанымында жүрсе де, заң бұзып жатқан жоқ": Әбдіғалиұлы Ұлытаудағы қазіргі діни ахуалды айтты

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали Сирияға Сәтпаев қаласынан кеткендер жайлы айтты. Оның айтуынша қазір жағдай тұрақталған. Өңірдегі тұрғындардың көбі ресми дін жолында жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ОКҚ

ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі Берік Әбдіғалиұлынан Сириядан қайтып оралғандардың туған жеріне қалай бейімделіп жатқанын және өңірдегі радикалды ошақтар туралы сұрады.

Ұлытау әкімінің айтуынша, діни радикализмнен қазір қауіп жоқ. Өңірде теологтар, дін басқармасының өкілдері ағарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

“Келіп жатқан әйелдері, балалары бар. Көптеген іс-шара өтеді. Елдос, Жұмаділдә деген ұстаздар келді. Сол секілді мықты ұстаздар келіп, ағарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ахуал тұрақты деуге болады. Кезінде неге басталып кеткенін айта алмаймын. Дегенмен, қазір бұрынғыдай емес. Тұрғындарымыз бәрі де қазір ресми дін жолында деуге болады. Өз ұстанымында жүрсе де, қоғамның тәртібін қабылдап, заң бұзып жатқан жоқ”, – деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Еске салайық,  бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура Қазақстанның үш қаласынан экстремистік ұйымның 12 белсендісі ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Радикалды діни топтардың мүшелерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Астана, Атырау және Жезқазған қалаларынан ұстады.

Талқылау