Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз үйіме өзім кіре алмадым": Шымкентте ерекше қажеттіліктері бар тұрғындар он жыл күткен баспананың сапасына наразы

Шымкентте ерекше қажеттіліктері бар адамдар өздеріне берілген пәтерлердің арбаға таңғылғандарға бейімделіп жасалмағанын айтып, шағымдануда, деп хабарлайды Хабар 24 арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тұрғындардың бірі Салтанат Есбосынова өз пәтеріне өзі кіре алмай қалған. Әйел арбамен жүріп-тұрады, бірақ подъезде сырғыма баспалдақтар жоқ. Сонымен қатар, бөлмелердің есіктері тым тар және олардан арба өтпейді. Салтанат 10 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған. Ұзақ уақыт күтіп алған пәтерінің жағдайына риза емес. 

"Мамандарға жүгіндім, құжаттар, техпаспорт алдым. Содан кейін пәтерде еркін жүрәп-тұра аламын ба деп сұрадым. Маған бұл менің санатыма сәйкес келетін үй екенін айтты. Шартқа қол қойып, кілтті алып кете беріңіз", – деді Салтанат Есбосынова.

Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы пәтерді тексеріп, мұнда ерекше қабілеттері барларға жағдай қарастырылмағанын растады. Баспалдақтар және есіктің көлеміне қатысты мәселелер бар екені анықталды.

Үй салатын мердігер ұйымға ескерту жасалды. Бұл үйде басқа да мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады және олар үшін тұрғын үйде қозғалу қиындық келтіреді.

"Қалай болғанда да, кез келген мердігер ұстанатын нормалар бар. Комиссияға әлеуметтік қорғау басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, МСҚБ, үкіметтік емес ұйымдар кіреді, яғни мұның бәрі комиссия. Барлығы қандай да бір ескертулер немесе ұсыныстар бар ма, жоқ па, соны қарастырады. Тапсырыс берушілер бұл тұрғыда мердігерден ҚНжЕ нормаларын орындауды әрдайым бақылап отырады және талап етеді", – деді Шымкенттің "Мүгедектер қоғамы" ҚБ төрағасы Владимир Торопов.

Қоғамдық бірлестік қаладағы ғимараттардың барлығы дерлік пандустармен жабдықталмағанын айтады. Тіпті кейбір жерлерде олар экстремалды аттракциондарға ұқсайтынын атап өтті.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Ақпан, 2022 11:56
Талқылау