16 жастағы жасөспірімнің ата-анасы ұлдарының өз-өзіне қол жұмсауына ChatGPT-ді кінәлады
Фото: bbc.com
АҚШ-та ChatGPT-мен сөйлескен соң өз-өзіне қол салған жасөспірімнің ата-анасы OpenAI чат-бот әзірлеушісі мен оның бас директоры Сэм Альтманды сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сан-Франциско сотына берілген талапқа сәйкес, 16 жастағы Адам Рейн бірнеше ай бойы ChatGPT-мен өз-өзіне қол жұмсау туралы сөйлескен. Чат-боттан кеңес алған ол 11 сәуірде қайтыс болған. Шағымда ChatGPT-дің балаға "өз-өзіне қол жұмсау әдістерін зерттеуге белсенді көмектескені" және суицид туралы жазба жазуға жәрдем бергені жазылған.
Арызданушылардың сөзінше, OpenAI өткен жылы жаңа GPT-4o нейрондық желісін шығарған кезде пайданы қауіпсіздіктен жоғары қойған.
"Біз Snapchat-тағы талқылауларды интернеттегі іздеу тарихын немесе қандай да бір күдікті культті іздеп жүрміз деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты", – деді жасөспірімнің әкесі.
Марқұмның ата-анасы ChatGpt-ді ашпасақ шындықты білмейтін едік дейді.
Олардың айтуынша, ұлдары соңғы апталарда адамдармен сөйлесудің орнына ChatGPT-мен көбірек байланысты болған. Ол чат-ботқа басындағы мәселелерді айтып, үй тапсырмаларына көмектесуді сұраған.
"ChatGPT біртіндеп ұлымыздың "суицид бойынша нұсқаушысына" айналған. ChatGPT болмағанда, ол қазір тірі болар еді. Бұған мен 100% сенімдімін", – деді марқұмның әкесі Мэттью Рейн.
Ата-ана жазған талап арызда ChatGPT "баламызда өзін-өзі өлтіру әдістерін үйренуге белсенді түрде көмектесті" деп жазылған.
“Жасөспірім жақын күндері өзіне қол жұмсайтынын хабарлаған кезде, чат-бот "ешқандай жедел көмекті іске қоспаған. ChatGPT оған өлер алдындағы хатты жазуға көмектескен. Жасөспірім суицид жасар алдында болжанған жоспары бейнеленген фотоны жүйеге жүктеп, “мұндай әдіс шын мәнінде жұмыс істей ме” деп сұраған. Ал чат-бот болса, оны жетілдіруге көмектесетінін айтқан", – делінген құжатта.
Жасөспірімнің ата-анасы OpenAI-ді баламызды өлімге итермеледі, қауіп туралы ескертпеді деп айыптады. Талапкерлер OpenAI-ге ChatGPT пайдаланушыларының жасын тексеруді ұсынды. Сондай-ақ өз-өзіне зиян келтіруге қатысты ақпарат бермеуді талап етті.
OpenAI жасөспірімнің өлімі ауыр тигенін және ChatGPT қауіпсіздік шараларын қамтитынын айтты.
"Біз төтенше жағдай қызметтеріне қол жеткізуді жеңілдетуге тырысамыз. Сондай-ақ дағдарыс кезінде ChatGPT-ді көбірек қолдауға тырысамыз", – деп жауап берді компания.
Айта кетейік, бұған дейін Илон Маск Apple және OpenAI компанияларын сотқа беріп, миллиардтаған доллар талап еткені туралы жазған едік.

Қоғам белсендісі Алматы көшелеріне төселген брусчатканың жеке қолға сатылып жатқанын әшкереледі: Алайда әкімдік олардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтып отыр
