Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз ішіне шеге тыққан": Оралда түзету мекемесінде соққыға жығылған тұтқын өз-өзіне қол жұмсамақ болған

Оралда РУ-170/3 түзеу мекемесіндегі тұтқын 25 жастағы Райымбек Серіков ішіне шеге тығып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Анасының айтуынша, бұл жағдай оны түрмеде ұрып-соғып қинағаннан кейін болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город порталына сілтеме жасап.

Сурет Мой город басылымынан алынды

Орал қаласының тұрғыны Бұлбұл Нұрбайқызы ұлының бастапқыда төбелес үшін сотталып, кейін шартты түрде бостандыққа шыққанын айтады. Алайда әлдебір себептермен Райымбек тіркеліп жүруді тоқтатып, біреудің телефонын алып алғаны үшін өткен жылдың тамыз айында тағы да 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Ал 2 тамыз күні Бұлбұл Нұрбайқызына белгісіз нөмірден телефон соғып, ұлының қиналып жатқанын айтқан.

“Мен хабарды естіген кезде бірден түзету мекемесіне қарай жүгірдім. Барған кезде бірден жедел-жәрдем көлігін көрдім. Cөйтсем ұлымды біреулер ұрып-соғып қинағаннан кейін, ол ашумен өз-өзіне қол жұмсамақ болып, шегені ішіне тығып алыпты. Кейін оның палатасына барғанымда ұлымды қатты соққыға жыққанын көрдім. Беті-ауызы ісіп, қолы мен іші қан болып жатты. Қазір оның жағдайы ауыр. Оған операция жасалды. Алайда дәрігерлер тағы бір операцияның қажет болуы мүмкін деп отыр. Ол өз бетімен жүріп, тамақтана алмайды. Тіпті қиналып, әрең сөйлейді. 

Ұлымның айтуынша, мұның бәрі ол тынығып жатқанда біреулердің артынан келіп түртуінен басталған. Кейін ол тұтқындар ойнап тұр ма деп қолымен қағып, итеріп жіберген. Сөйтсе, бұл түзету мекемесінің қызметкері екен. Ол қатты ашуланып, ұлымды соққыға жыға бастапты”, – деді Райымбектің анасы Бұлбұл Нұрбайқызы.



Анасы ұлының террорист, педофил емес екенін, аса ауыр қылмыс жасамағанын айтып, оған қызметкерлердің бұндай дәрежеде қорлық көрсеткеніне наразылығын білдірді. Бұндай жағдай наурыз айында да болған екен. Алайда ол кезде Райымбектің өзі анасының арыз жазуына қарсылық танытқан.

“Менің ұлым қызуқанды емес, өте сабырлы адам. Неге оны сонша ұрғанын түсінбеймін. Бір күні тіпті өлтіріп кете ме деп қорқамын. Маған суретке түсіруіме рұқсат бермеді. Себебі олар өздерінің кінәсін біліп тұр. Олардың заңсыз тұтқындарға байланыс құралдарын 80-100 мыңға сататынын да көріп жүрміз. Маған олар ашық түрде арыз жазсам, ұлыма кіргізбейтіндерін айтты. Сонда мен оның жағдайын көре тұра қала үнсіз отырамын. Мен прокуратура мен құқық қорғаушыларға арыз жаздым”,-деп қосты анасы. 

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 2 тамыз күні сағат 16:00 шамасында No2 жасақта жоспардан тыс тінту жүргізіп, нәтижесінде No 14, 21, 31 камераларынан үш ұялы телефон тәркіленді. Смартфондардың бірі No31 камерадағы Райымбек Серіковке тиесілі болып шықты.

“Сотталушы қамауда ұстау режимімен, сондай-ақ тінтумен келіспей, өзін-өзі жарақаттау әрекетін жасаған. Ол өзінің құрсақ қуысына шеге тығып, сол қолының білегін белгісіз затпен кескен. Сотталушы өзін-өзі жарақаттау фактісі бойынша нақты түсініктеме бермеген. Жедел жәрдем бригадасы шақырылып, облыстық клиникалық ауруханаға жеткізу ұйымдастырылды. Тұтқынға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, арнайы палатаға орналастырылды”, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы бойынша ІІД. 

Бұл ретте мекеме басшылығы Райымбек Серіков пен оның анасы және құқық қорғаушы Павел Кочетков арасында кездесу ұйымдастырған. Басшылық тұтқын тарапынан ресми түрде ешқандай арыз келіп түспегенін жеткізді.

“Тұтқынның өзінің айтуынша, оны түзету қызметкерлері соққыға жыққан. Кейін ол шыдамай өзіне қол жұмсаған. Біз палатаға кіріп көрдік. Райымбектің беті ісіп, бір көзі көгерген, денесін жауып қойған. Оның анасынан арыз түсті. Біз оларға қолдау көрсетіп, адвокат жалдап береміз. Өйткені олардың қорғаушы жалдауға жағдайлары жетпейді. Біз бұл іспен айналысатын боламыз. Егер тұтқын тәртіп бұзған жағдайдың өзінде оған тиісті жаза заңмен қолданылуы қажет. Бұл жерде қызметкерлер күшпен емес, мәселені баспен шешулері керек еді”,  – деді Павел Кочетков.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше операциядан кейін науқасты хирургия бөліміне жатқызған. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. 

Талқылау