Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есесін жібермейді": Сарапшылар карталар арасындағы аударым үшін банкке салынатын салыққа қатысты пікір білдірді

Қазақстанда шоттар арасындағы аударымдарға салықты енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі бұл ақшаның банктерден алынатынын айтады. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, қаржылық институттар ол ақшаны тұтынушылардан алып, банк қызметтерінің бағасының өсуіне себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа салық кодексінде банктер аударымдар немесе карта шығару сияқты қызметтері үшін клиенттерден алатын комиссияларға қосылмша құн салығын салу жоспарланып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі түсіндіргендей, клиенттердің аударымдарына салық салынбайды.

“Бұл ереже тек банктің кірістеріне қолданылады, ол банктің қызметтерін көрсеткені үшін алынатын кірістерінен алынады. Егер адам қандай да бір соманы аударып, банк 100 теңге комиссия алса, онда бұл 100 теңгеден 12% ҚҚС алынады, ал банктің өзі 12 теңге төлейді”, – деді ұлттық экономика министрлігі салық саясаты департаментінің басшысы Әселгүл Таванова. 

Депутат Асхат Аймағамбетов жаңа салық кодексінің жобасында ұсынылған норма қаржы институттарына деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді. Және бұл банктерге емес, олардың клиенттеріне қосымша қаржылық салмақ түсіретіні сөзсіз.

“Пластикалық карталарға қызмет көрсету, картадан картаға, шоттан шотқа аудару, аударымдар мен банк қызметтері айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі өкілдері бұл шығындарды банктер өздері өтейтінін алға тартады, бірақ шынын айту керек – бұл миф. Банктер есесін ешқашан жіберіп алмайды”, – деді мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Қаржы кеңесшісі Азамат Успанов бұрын аударымдар жеңілдетілген мәміле деп саналғандықтан, ҚҚС салынбайтынын айтады. Дегенмен қазір мемлекет бюджетті толықтырудың жаңа көздерін белсенді түрде іздестіріп банк қызметтеріне ҚҚС енгізіп жатыр. Сарапшы бұл өзгерісті қазақстандықтар байқамай қалады деп болжайды.

“Миллионға 150-200 теңге, миллионды аударған кезде адамдар 200 теңге тауып алатын шығар, банктердің бұл салықты адамдарға төлетуі екіталай, өйткені бұл аударымдардан түсетін кіріс те көп емес. Банктер мұны өлшеп, сараптап, клиенттік базасын жоғалтпау үшін бәрін сол күйінде қалдырады деп ойлаймын”, – деді отбасылық қаржылық кеңесші Азамат Успанов. 

Сонымен қатар баға көтерілсе де, қазақстандықтардың қолма-қол ақшаны белсенді пайдалануға қайта оралуы екіталай, өйткені олар бірнеше рет басу арқылы бір шоттан екінші шотқа ақша жіберуге болатын цифрландыруға үйреніп қалған. Жаңа салық кодексінің жобасы әзірлеу сатысында, оның соңғы нұсқасы келесі жылы қабылданады.

Талқылау