Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Өткен қателерімізден сабақ алуымыз керек": Депутат “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның күшін жоюға наразылық білдірді

Фото: instagram.com/deputat_zhuldyz_suleymenova

2025 жылғы 15 мамырда мәжілісте “Құқық бұзушылық профилактикасы туралы” заң жобасы таныстырылды. Заң жобасын таныстыру барысында депутат Жұлдыз Сүлейменова сарапшылар осы заң аясында “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның күшін жою туралы ұсынысқа қарсы шығып, дабыл қағып отырғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Құқық бұзушылық профилактикасы” туралы заң қажет дегенмен, депутаттың сөзінше, бүгінде әйел құқықтары жөніндегі сарапшылар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты сарапшылар, заңгерлер жаңа заңның аясында 2009 жылы қабылданған “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның күшін жойып, оны осы заңға біріктіру туралы ұсынысқа қарсы.

“Былтыр, 2024 жылы әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қабылдағанымыз белгілі. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық және сол жердегі ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру талаптарын жай ғана құқықбұзулышық деп таныған жоқпыз. Бұл бүгінде қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Соған сәйкес, 2009 жылдан бері жұмыс істеп тұрған заңды осы заңға біріктіруге не негіз болды?” – деп сұрады ол ішкі істер министрінің орынбасары Игроь Лепехадан.

Бұл ретте депутат “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның күшін жою 2023, 2024 жылы қабылданған барлық заңнан, сол жерде қабылданған шешімдерден кері кету деп санайтынын атап өтті.

“Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жерде отбасының тұрақтылығы болмайтынын 2023 жылғы резонансты оқиға көрсетіп берді. Сондықтан да біз өткен қателерімізден сабақ алуымыз керек. Парламентте аса қиындықпен қабылданған заңды, сол заңның негізі болып саналатын “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның күшін жою дұрыс емес деп санаймыз”, – деді Сүлейменова.

Депутаттың сұрағына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жаңа заң жобасында басқа заңдардың нормалары еш өзгеріссіз енгізілгенін айтты.

 

“Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңды сақтап қалу мәселесіне келсек, ол менің бастамам емес. Бізге бірыңғай заң әзірлеу туралы нақты тапсырма берілді. Кейде бір заңдағы өзгеріс келесі заңдағы өзгеріске қарсы келіп жатады. Құқық қолдану тәжірбиесін ескере отырып, бес заңды біріктіру туралы тапсырма берілді, соның ішінде “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы” туралы заң да бар. Бұл заң сол заңдарды, жауапкершіліктер мен нормаларды бір ізге келтіру үшін әзірленді. 

 

Ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді криминалилизациялау, балалар мен әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатаңдатуға қатысты өткен, алдыңғы жылы енгізілген өзгерістерді сақтап қалдық. Қылмыстық кодекске де ешқандай өзгерістер енгізіп отырған жоқпыз. Сізге қате ақпарат берген. “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы” туралы заң негізгі заңдардың бірі ретінде жаңа заң жобасына енгізілді. Бұл заңда бүтін бір бөлім бар, әйелдер мен балаларға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жұмыс істеп тұрған нормалардың бәрі сол күйі сақталып қалды”, – деді Лепеха.

 

Айта кетейік, “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” Қазақстан Республикасының заңы 2009 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған. Ал 2024 жылғы 15 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 13:37
Талқылау