"Өтірік жала жапты": Генерал-майор Жайлаубек Халықұлының өлер алдында жазған хаты пайда болды
Тергеу изоляторында көз жұмған генерал-майор Жайлаубек Халықұлының өлер алдында жазған хаты пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің телеграм арнасында жазды.
Хатта марқұм генерал-майор өзінің өліміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі Төлеген Ербол пен өзіне қарсы арыз жазған Руслан Құсайыновты кінәлаған.
"Менің өліміме қатысты шара қолдану үшін өтініш жазып отырмын, қылмыстық іс қозғауыңызды сұраймын. Мені өлімге итермелеуге себеп болған Құсайынов Руслан болатын. Қазіргі уақытта ұстау изоляторында отыр, 6 жыл бас бостандығынан айырылған. Маған өтірік жала жапты, көлікті және 40 000 АҚШ долларын мені алдап конфискацияға кетеді деп беріп кетті, уақытша бола тұрсын деді. Екіншіден тікелей өлімге итермелеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері. Тергеуші екеуі қылмыстық істі бұрмалау үшін сыбайлас болып жұмыс жасады. Тергеуші Е.Төлеген болып танылды. Тергеуші Құсайынов Руслан жазған арызда 2 тергеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен пара алды, біреуі 15 000 АҚШ долларын, екіншісі 15 000 000 теңге алды деп жазған. Ал ол қызметкерлер әлі күнге дейін жұмыстарын істеп жатыр" , - делінген хатта.
Айта кетсек,, 6 тамыз күні генерал-майор Жайлаубек Халықұлының тергеу изоляторынан денесі табылған. Қазіргі уақытта облыстық департамент қызметкерлері қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, биылғы мамыр айында 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған полиция генерал-майоры Жайлаубек Халықұлын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қамауға алды.
Жайлаубек Халықұлы қылмыстық істі тоқтатқаны үшін алдау арқылы ақша мен мүлік алды деген күдікке ілінді.