"Америка мен Чехияға барып маскүнемдікке салындым": Алкоголизмге шалдыққан қазақстандық дерттен қалай айыққанын айтып берді
Ақтаулық Ғалымжан Рашидұлы 11 жасынан бастап алкогольді сусындарды тұтынған. Ішімдікке жыл өткен сайын құмартып, екі рет ауыр халде ауруханаға түскен. Бұдан 3 жыл бұрын ер адам Алматыдағы орталықтардың бірінде емделіп, тәуелділіктен толық айықты. Ал қазір өзі алкогольден зардап шеккендерге консультант болып, жаңа өмір бастауына қол ұшын созып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғалымжан Рашидұлы. Фото: Stan.kz
"Нағашы ағам ішуді үйретті"
Ғалымжан Рашидұлы 5-сыныпта оқып жүрген кезінде нағашы ағасы сыра ішіп көруді ұсынған. Сырадан басталған тәуелділік әрі қарай коньякқа, одан соң арақ пен түрлі ішімдіктерге ұласқан.
"Ауылда нағашы ағам сыра ішіп отырып, маған "дәмін көргің келе ме? деді. Бірден "жарайды" деп ішіп көрдім. Жарты стақанды ішіп болғанша басым айналып, басқа бөлмеге кетіп қалдым. Кейін 8-сыныпта анам мені үлкен тенниске берді. Өзіммен бірге жаттығуға коньяк алып баратын едім. Жаттығуға апарып, жігіттермен тығылып іштік. Сол күні тағы өзімді нашар сезіндім. Сол уақытта теледидардан "Бригада" фильмі көрсетілетін. Ондағы ганстерлік романтика, табысты адамдардың қымбат алкогольді ішуі маған таңғаларлық нәрсе болып, соларға еліктедім. Ішімдікті ішкеннен кейін басқа әлемде жүргендей, өзімді басқалардан ерекше сезіне бастадым. Арақпен қатар шылым шегуді жиілеттім. Мұндай зиян затқа еліктемеген қатарластарымның алдында өзімді әлдеқайда жоғары санадым", – деді Ғалымжан Рашидұлы.
Ғалымжан туған әкесі осы алкогольді шамадан тыс ішкеннен 1994 жылы қайтыс болғанын айтты. Ол ішімдікке құмарлығы қаннан келген деп болжам жасайды.
"Кішкентай кезімде әкем ішімдікті көп ішкеннен кейін ажал құшты. Бұған әуестігім де әкемнен берілген шығар деп те ойлаймын. Бірақ әкесі бар қатарластарыма қарап, қатты қызығатынмын. Мені қорғайтын ер азамат жоқ деп сезінетінмін. Содан кейін біз тұратын аудандағы балалармен араласып, соларға еліктейтін едім. Анам маған бар көңілін, уақытын арнаса да, үйде болғаннан гөрі далада жүргенді жақсы көрдім. Ауланың балалары мені қорғайды деп ойладым. Алайда қате екен. Себебі бар қауіп үйден емес, ауладан келді, мінезім одан бетер теріс жаққа өзгерді", – деді ол.
Ғалымжан Рашидұлы. Фото: Stan.kz
Ғалымжанның тәртібі үшін анасы оны 10-сыныпта Америка Құрама Штаттарына білім алуға жібереді. Бірақ онда заң болғанына қарамастан ол зиян сусынды ішуді доғармаған.
"11-сыныпқа дейін жүріс-тұрысым үшін тоғыз мектепті ауыстырып үлгердім. Ал 10-сыныпта анам мені Америкаға жіберді. Америкада өте қатаң заң бар, жайдан-жай алкоголь сатып ала алмайсың. Басқа амалға көшіп, "бомждардан" 2-3 есе қымбат ақшаға сатып алдым. Бұдан кейін шөпке әуестігім пайда болды. Жасым сол кезде 16-да еді. Бір күні басқа сыныпта оқитын америкалық баламен сөзге келіп, жаппай төбелестік. Бұл кезде мектеп директоры 2 ай уақыт беріп, оқу жылын тыныш аяқтауымды талап етті. Ақтауға оралған соң ішімдікті одан бетер көп тұтындым. Ішкен уақытта адам танымастай өзгеріп, "мамонт" секілді жабайыланып кететінмін", – деді ол.
Кейін ақтаулық жігіт Чехияға оқуға түсіп, сыраның түр-түрін ішкенін кейін құмарлығы тәуелділікке айналғанын сөз етті.
"Прагада жоғары білім алуды жалғастырдым. Бұл жер – сыраның Отаны. Алкогольдің арқасында кокаинді татып көрдім және кез келген казиноға бара қалсаң, ішімдік тегін еді. Құмар ойыншыға да, нашақорға да айналдым. Сыра біздің валютамен 150-200 теңге тұратын", – деді Ғалымжан.
Оқу бітірген соң ол Қашағандағы белгілі мұнай компанияларының біріне қызметке орналасады. Дегенмен мұнда да оның әдеті көпке дейін шыдамайды. Алкогольді ішіп, төбелес шығарғаннан кейін жұмыстан қуылады.
"Ал ертесі үйге келсем, әйелім балалармен бірге жүктерін алып, басқа жаққа кетіп қалған. Осы сәтте бәрі аяқталғанын түсіндім. Өмірімнің мәні кетті. Жұмыс жоқ, отбасым кетіп қалды. Мұның бәрі менің тағы да ішуіме себеп болды", – деді Ғалымжан Рашидұлы.
Ғалымжан Рашидұлы. Фото: Stan.kz
"Өз еркіммен емделдім"
Ғалымжанның жағдайын көрген анасы оны алкоголизмнен оңалтатын орталықтардың біріне баруға көндірген.
"Менің ішімдік ішіп, мефедрон шегіп, казино ойнағанымның кесірінен анам бәрінен айырылды. Бизнесін сатып жіберіп, жалғыз үйіміз қалды. Ол үй менің атымда болған екен. Егер білгенде оны сауда-саттыққа салып жіберер ме едім?! Анам маған келіп, "балам, қандай күйде болсаң да, мен саған сенемін!" деп үміт сыйлағандай болды. Сауықтыру орталығына барып, емделуімді өтінді. Бұдан кейін өзіме және анама мұндай жауыз бола алмаймын деп серт бердім. Алматыдағы орталықтардың бірінде 9 ай ем қабылдадым. Психологтармен жұмыс істеп, рухани дами бастадым, жан дүниемді тани түстім”, – деді Ғалымжан.
Ғалымжан Рашидұлы. Фото: Stan.kz
“Науқастың емделуге деген ұмтылысы керек”
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапевті Гүлнұр Қуанышқызы ішімдікке тәуелділерді емдеу жұмыстары қалай жүргізілетінін айтып берді.
"Алкоголизмді емдеу – күрделі міндет. Оны шешу науқас пен дәрігердің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылады. Алкогольге тәуелділікті сәтті емдеудің негізгі шарттарының бірі – ішкі мотивация, науқастың емделуге деген ұмтылысының болуы. Алкоголизм жаман әдет емес, патологиялық құмарлыққа негізделген созылмалы психикалық ауру екенін түсіну керек”, – деді Гүлнұр Қуанышқызы.
Маманның сөзінше, алкоголизмді емдеудің негізгі кезеңдері бар.
- Ең әуелі, пациенттерге негізінен натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісімен тамшылатып инфузиялар егу қажет. Өйткені алкогольді ұзақ уақыт теріс пайдалану дегидратацияға және калий мен магний иондарының жетіспеушілігіне әкеледі. Ауыр жағдайларда, көп күндік алкогольді көп мөлшерде ішу кезінде қарқынды инфузиялық терапия қолданылады.
- Бұдан соң психотерапевтік қолдау, алкоголизмді "кодтау" арқылы тыйым салу деп аталатын процедура жүргізіледі. Дисульфирам белсенді заты бар препарат пациенттің денесіне егіледі, нәтижесінде алкогольге төзбеушілік пайда болады. Сонымен қатар науқас психотерапевтердің қабылдауында болып, күйзелістен шығуға бейімделеді.
- Науқасты оңалту және әлеуметтік бейімдеу мамандандырылған оңалту орталықтарында өтеді. Кейбір жағдайларда науқастың рухани дүниетанымы мен сезіміне байланысты психотерапияның рухани бағытталған әдістері қолданылады. Мұнда науқас арт және муз-терапиядан өтіп, 12 қадам бойынша кезең-кезеңімен қалыпты өмірге оралады.
Маманның айтуынша, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша алкогольге тәуелді 90 655 адам динамикалық бақылауда тұр. 2024 жылдың 6 айында алкогольге тәуелділіктен зардап шегетін 11 668 адам стационар жағдайында емделді. Оның ішінде сот шешімі бойынша 1 386 адам мәжбүрлі түрде сауықтырылды.
"Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау қызметін дамытудың 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасы" шеңберінде тәуелділіктен зардап шегетін, оның ішінде алкоголизммен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту мәселесі кеңінен қарастырылып жатыр. Қазір мұндай бөлімшелер республикамыздың 16 облысында ашылған. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделушілер бірінші жартыжылдықта емделіп шықты. Тағы мұндай бөлімшелерде мыңнан аса науқас ем-дом қабылдады", – деді Гүлнұр Қуанышқызы.
Бұдан бөлек ол денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен адам денсаулығына қауіп факторларының, соның ішінде алкогольді ішімдіктердің зиянын төмендету жөніндегі Тұжырымдама жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті.

Ирандағы шиеленістен соң мұнай құны өссе, Қазақстанда доллар бағамы төмендей ме – Сарапшылар жауап берді
