Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жырақта жүрген кез келген қазақтың Отанына деген сағынышы басталады": Жерлесіміз не себепті 22 жылдан кейін туған жерге оралғаны туралы

Әлеуметтік желі белсендісі, отандасымыз Гуляйм Марторано 22 жыл шетелде тұрып, жақында елге қайта оралған. Италия азаматына тұрмысқа шыққан Гуляйм жырақта жүрсе де, қазақстандықтарға көмектесу үшін "Мейірімді Гуляйм" қорын құрған. Жүрегі елім деп соққан ұлтжанды азаматша 39 жасында отбасын елінде қалдырып, тарихи отанына еңбек сіңіру үшін қайтып келді. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ол патриотизм, отанға оралудағы себебі, саясатқа не себепті барғысы келетіні және Аида Балаевамен кездесуі жайлы айтып берді.

18 жасымда шетелге кеттім

Осыдан үш жыл бұрын Facebook әлеуметтік желісінде белсенді бола бастадым. Италия азаматына тұрмысқа шыққанымды, үш балам бер екенін ашып жазып жүрдім. Мамандығым - экономист, шетелдік тәжірибе осы бағытта әртүрлі ұйымдарда жүмыс істеуге мүмкіндік берді.

Кез келген қазақтың өмірінде отанынан жырақ жүрсе, еліне деген сағыныш басталады екен. Осылайша, шетелде қазақ диаспорасын, қоғамдастығын құруға үлес қосқысы кеп тұрады. 

18 жасымда оқып, жұмыс істеуге болатындай бағдарлама табылып шетелге кеттім. 

Ал 39 жасымда алғаш рет отанға оралып, өз еліммен қайта танысамын деп шештім.

 

Әрбір қазақтың отанына қайтіп оралғысы келетін сәт болады

Әрбір есейген толыққанды қазақтың, Қазақстанда туған азаматтың қайтіп отанына оралғысы келетінін сезінетін сәт болады. Бұл сезімнің неден, қалай пайда болатынын түсіндіре алмаймын. Бұл рухани жағынан сізге жақын адамдармен байланысуға деген қалаудан туындайды. Қайткенмен, шетелде тұратын әрбір адам, әр этнос жат территорияда өмір сүріп жатқанын іштей сезіп жүреді: әрдайым солардың тілінде сөйлейсің, олардың ережелерін, дәстүрлерін ұстанасың, қоғамына сіңесің. 

Осы 22 жылда елімнің дәстүрі мен шығу тегі жайлы ұмытып қалдым ба, қаншалықты маған жақын екенін, оған қатысты не сезінетінімді білгім келді. 

 

Қазақтар өзін сыйлаған, қажетсінген ортада жақсы сезінеді

Осыдан үш жыл бұрын "Мейірімді Гүляйм" қорын құрдым. Мүшел жасқа келгенде 20 шақты отбасын қамқорлығыма алғаным мен үшін жаңа нәрсе болды. Лондонда отырып, Қазақстандағы ата-әжелерге көмек беру керек еді. Осы жерде технологиялардың, достарымның көмегі көп рөл ойнады. Жеке қаражатыммен меценат ретінде шығып жүрдім.

18 жасымда жаңа әлемге капитализм мен социализм араласқан өмірге аяқ бастым. Толыққанды бір жерде демократиялы ел бар деп айта алмаймын. Нақты айта алатыным, қазақтардың өзін қай жерде жақсы сезіне алатыны жайлы. Қазақтар өзін сыйлаған, қажетсінген ортада жақсы сезінеді. Шетелде өмір сүрген жылдары қазақтың небір беделді ұл-қыздарымен таныстым. Содан түсінгенім, қолайлы орта жасап, мүмкіндік берсе, біз де жетістікке жету жолында барымызды саламыз және бізге ешкім тоқтау бола алмайды. Сонда Қазақстанға не жетпейді деген сұрақ туындайды... 

 

Тарихи отаныма оралу мақсатын қойдым

Бір жыл бұрын өз тарихи отаныма оралу мақсатын қойдым. Сол кезде отанға қайтіп оралғанда жаңа елге оралғандай сезім болды. Өңірлер мен қалаларға саяхаттап бардым. Желі қолданушылары, таныстарым менімен кездескісі келді. Әрине, бұл қуантты. 

Әрбір адам шетелге көшерде жақсы табыс табу немесе жақсы өмір сүруге ұмтылады. Сол сияқты қазақтар да шетелге жоғары бағаланатын табыс үшін барады деп ойлаймын. 

Осы уақытқа дейін мен болған 50 елде көп қарама-қайшылықтарды байқадым. Өзім Англияны қатты ұнаттым. Көп адам, көп ұлт, көп тіл тоғысқан мегаполистерде өмір сүру дүниетанымды кеңейтеді. 

Қай елде болсам да, өзімнің қазақстандық екенімді мақтан тұтатынмын. Неге екенін түсіндіре алмаймын. Он жылдан кейін осында қайта оралғанымда ұлтымды бағалай бастадым, 22 жылда өз туған тілімді ұмытып қалдым ба деп қатты қорқып едім. 

Күйеуім банк қызметкері болғандықтан түрлі елдерге көшіп, қонып жүрдік. Соның ішінде жалпы алты елде тұрыппын. Және әрдайым алтыншы ел ретінде КСРО-ны айтып отырамын, себебі туу куәлігім Совет өкіметі кезінде берілген.

 

Балаларым мен жолдасым шешімімді қолдады

Италиялық азаматпен 16 жылдық неке маған елдің ішкі мәдениетін көрсетті деуге болады. Қазақтар мен италиялықтарды көбі салыстырып жатады. Әрине, қонақжайлылық бойынша, отбасылық құндылықтар жөнінде ұқсастықтар бар. Италия көпжылдық тарихын көне архитектура, тарихи ескерткіштерінде сақтаған мемлекет. 

Менің жасымдағы ер адамдар өз балаларының тәрбиесімен белсенді түрде айналысып келеді. Мұны жақсы тренд деп есептеймін. 

Отбасыммен жиі көшіп, тұрғылықты мекенімізді тұрақты түрде ауыстырып тұратын болғандығымыздан балаларым да осыған үйренген. Олардың есейіп, ақыл тоқтатқандығы ма, әлде менің қайырымдылық ісіме белсенді түрде қатысып, түсінетіндігі әсер етті ме, әйтеуір, жұбайым да қолғабыс етті, қолдады.  Тіпті қайырымдылық біздің отбасылық хоббиімізге айналды. 

Отбасымды қарсы алдыма отырғызып, Қазақстанға не үшін баруы керек екенін түсіндірдім...

Біріншіден, өзімнің қорымның жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көру керек болдым, мен көмектескен отбасылармен жеке жолығу қажет еді. 

Менен адамдар жиі көмек сұрайды. Нақты қандай көмек керек екенін өз көзіммен көруім керек болды. Отбасымның осылайша түсіністікпен қолдау көрсеткені мен үшін құнды. 

Алайда карантин салдарынан арамыздағы қашықтық ұзақ уақытқа созылып кетеді деп ойламадық. Әрбір анаға бұл өте қиын. Бірақ мен жолдасыммен жолым болды деп есептеймін, себебі ол - тамаша әке. 

Әрине, балаларыма қазақша тәрбие сіңірдім. Италиялықтарда аналар культі ежелден қалыптасқан. Ана деген бастау, әйел - құдай деп қарайды. Бірақ мен әкеге деген құрмет маңызды деп есептеймін. Балаларымды да "Үлкендер сөйлегенде араласпау, әкеге өте үлкен құрметпен қарау керек, дөрекі сөйлеуге болмайды" деп өсірдім. 

Сондай ақ, балаларымды қамырдан жасалған асқа үйреттім. Үйде жиі бауырса пісіреміз, қыздарымды оны дайындауға үйреттім. Тамақ әзірлеудің негіздерін қалыптастырдым.

 

22 жылда көк төлқұжатымды тапсырған жоқпын

Мен өзімді патриотпын деп есептеймін, 22 жылда көк төлқұжатымды тапсырған жоқпын. Тек тегімді ғана үш жылдан кейін жолдасымның тегіне ауыстырдым. 

Патриоттық дегеніміз -  менің азаматтығым, ол содан басталады. Егер ертең менен азаматтығың қандай деп сұраса, мен ешқашан Ұлыбритания, басқа елдің азаматымын деп айтпаймын. 

Екіншіден, патриотизм деп халқыма деген сүйіспеншілікті айтар едім. Сол себепті де мені ұлтжанды, ұлтшыл деп те атауға болады. 

Меніңше, біздің елге тек стимул жетіспейді. Кез келген елде өзінің проблемалары жеткілікті. Олар біздікінен асып түспесе, кем түспейді.

Жағдайы нашар, бірақ көтерілген елдердің тарихына үңілсеңіз, оларды мотивация бере алатын мықты көшбасшылары алып шыққан.

Қазақстанға қазір не керек? Ең біріншіден, қазір журналистер шынайы ақпаратты беретін көз болуы керек. Журналистер - жақсылық, жағымды жаңалықтарды әкелуге мүмкіндіктері бар адамдар. Әрбір ақпараттың түбінде білім беретін функция жатады.

 

Аида Балаевамен кездесу жайлы...

Егер осы уақытқа дейін мен кез-келген нәрсе жайлы әлеуметтік желі, Facebook арқылы қалыптастырсам, ал Қазақстан жөніндегі желірде оқыған пікірім қате болған. 

Он жыл Еуропада тұрып, ашықтыққа үйреніп қалады екенсің, барлығы сен туралы біледі, сен де бәрін айта бересің деген сияқты. Ал Қазақстанда барлығы құпияға толы. Әрбір адам тұнып тұрған құпия сандығы іспеттес.

Мен желіде қалай жазылған болса, өмірде де солай деп ойлайтынмын. Аида Балаевамен кездесуден алған әсерімді жазған постымнан кейін когнитивті диссонансты бастан өткердім. Менің қарсы алдымда қарапайым ғана қазақтың әйелі отырды, ол да балалары бар ана. Ол маған, өзіне бейтаныс адамға, күнделікті қандай стрессті өткеретіні жайлы айтты.

Өзінің отбасы, мансабы жайлы айтып берді, екеуміз бір сағаттай отырып сөйлестік. Кездесуде ол өзін өте қарапайым ұстады, мен қойған кез келген сұраққа ашып жауап беріп отырды.

Оның  балаларының өзі жайлы негативті жаңалықтарды оқитыны туралы айтқан сөздері менің ішімде тебіреніс тудырды. Тіпті маған да мұндай ақпаратты оқу жағымсыз әсер қалдырады. 

 

Саясатқа әйелдерді көбірек тартуымыз керек

Бізге саясатқа әйелдерді көбірек тартуымыз керек, себебі әлемдік қоғамдастық бізден соны күтіп отыр. 

Егер мен өзімді феминистпін деп есептесем, онда мен дәстүрлі көзқарастарды ұстанатын феминистпін. Мұндай тәрбилеу моделін ежелгі Еуропа елдерінен көрдім. Оларда үлкен буынды құрметтеу, қадірлеу, ата-әжелерге табыну сияқты ұстанымдар бар. Неге мен өзімді осылай атауды қалаймын? Себебі Еуропада көрген феминизмді мен мойындамаймын. Меніңше, бұл феминизм өте жеркенішті нәтижелерге алып келеді. Мысалы, отбасылар өте кеш құрылады, адамдар серіктерін іздеуді 40-тан кейін бастайды, баланы да өте кеш туады. Ер адамдар әйелге жақындауға қорқады, себебі оларға тиісіп жатыр екен деп ойлап қалады дейді. Демек, феминизмнің кері жақтары бар. 

 

Кризиспен күресуге әйелдердің шамасы көбірек жетеді

Қазір әлем бойынша феминистік толқындар байқалады. Ел билігіне әйелдер келіп жатыр деген жаңалықтарды да жиі еститін болдық. 20 жыл бойы бизнесте жүріп, әйел мен ер адам қарым-қатынасында байланыс байқаймын. Ер адамдар басым сала болатыны рас, бірақ әйелдер мұны жасай алмайды деген сөз емес. Кез келген стереотип БАҚ тарапынан таңылған. Егер БАҚ әйелдің имиджін ойын-сауық, көңіл көтеру бағытындағы объекті ретінде көрсетсе, әйелді адамдар қалай саясатпен байланыстырады?

Менің ойымша, кризиспен күресуге әйелдердің шамасы көбірек жетеді. Қазіргі дағдарыс жағдайында әйелдерге жағдайды реттеуге мүмкіндік беру керек. Мәселен, үйдегі дағдарыста әйел дәрігер, техник бола алады. Бізді осы рөлге үйретіп қойған. Ол кезде әйел қауіпке, шабуылға төтеп беруге дайын болуға мәжбүр болды. 

Әрине, қазір ондай заман емес. Бірақ біз идеологиялық дағдарысқа ұшырадық. Бұл ажырасу санының, жетім балалар санының көбеюінен көрінеді. Мені әрдайым Қазақстандағы жетімдер санының көптігі таңғалдырады. Мұның өзі - елдің экономикалық жағдайының көрсеткіші. Тек экономикалық қана емес, моральдік тұрғыда проблема. Осы мәселелердің түпкі проблемасына үңілуіміз керек. 

 

Мен үшін мықты көшбасшы деген...

Ішкі, діни сенімдеріме сәйкес нақты бір адамды өзіме пір тұтамын деп айта алмаймын. Саяси жағынан көп адамдардың көзқарастары, ойлары ұнайды. Мәселен, Теодор Рузвельттің пікірлері көңілімнен шығады. Одан бөлек көптеген көшбасшыны өмірде де көрдім, олардың ішінде Дубай шейхы Мұхаммед, Ұлыбритания ханшайымын жақын қашықтықтан көрдім, қазіргі Малайзия королімен жақсы қарым-қатынастамыз.

Мен осы көшбасшыларды жақсы түсенімін, себебі олардың қандай ауыр жүк арқалап, жауапкершілік асып жүргендерін ұғынамын. Олар көп адамның тағдырына жауап береді. Мен әрдайым батыл, реформатор адамдарға сүйсіне қараймын. Одан бөлек, позитивті, жақсы көңіл-күйде жүру керек деп есептеймін. Мықты көшбасшыларды сипаттайтын қасиеттер мен үшін осылар.

 

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

 

Талқылау