"Отанымды жемей, 3 000 теңгеге зарламаңдар": Белгілі коуч Құралай ханым Мөлдір Мұқанованы жақтап шықты
Фото: https://www.instagram.com/quralai_hanum
Белгілі коуч, психолог Құралай ханым жақында алғашқы фильмі жарық көрген Мөлдір Мұқанованы қолдаймын деп жұртты ашуланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Психолог Threads желісінде Мөлдір Мұқанованың “Шай в большом городе” фильміне барғанын айтып, қазақстандықтардан продюсерді қолдауды сұраған.
“Мөлдірдің киносынан шықтым. Сынап жатқандарға айтарым: Үндістанның басы қылтылдаған Анандиін, дыш-дыш етіп ұрғанда өтірік өліп жататын кадрлар көргенде неге өстіп сынамағансыңдар?! Қай қазақ болмасын тыпырлап шамасы жеткенше еңбектеніп жатқанын көру маған мақтаныш. Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3 000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді!” – деп жазған ол.
Белгілі коучтың бұл сөздері желі қолданушыларына жақпай қалды, олар психологтың “Отан” сөзін боғауыз мағынада қолданғанына ашулы.
“Біріншіден, отан сөзін бұлай қорлайтын кім едіңіз? Екіншіден, 3000 теңгені халықтың қалтасына сіз салып беріп отырсыз ба? Үшіншіден, кім кімді қолдайтынын өзі шешеді. Халыққа "зарлама" деп, дөнен итше кергитіндей құқыңыз жоқ. Төртіншіден, кім қандай кино түсірсе де, киім сатса да өзі үшін істейді. Міндетсінбесін. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ. Бесіншіден, Мұқағали атамның ақын болуы үшін ешқандай диплом керек емес. Аргументтеріңізді сай-сайдан жинап, түзу жолға саларсыз”, “Сұмдық шығарсыңдар! Біз арқылы ақша тауып отырсыңдар, халық үндемей алып отыр, онымен қоймай дөрекілік көрсетіп, не істеу керегін айтасыңдар ма? 3000 тенгеге баласына керегін алсын, сендерді байытқанша”, “Дұрыс ойыңды жеткізе алмасаң, тыныш отырғаның дұрыс-ау. Халық кімді қолдайтынын, қайда, қандай киноға баратынын өзі біледі. Курс сатып алушылары аузына қарап, не айтса соны жұтып отырғанына үйреніп қалған-ау бұл апамыз. Ақылы бар, дана әйел болса елге ақыл айтатындай, “Отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай” деген сөзді ешқашан айтпас еді!” – деп жазған олар.
Психологтың жазбасын манипуляцияға теңегендер де бар.
“Сұмдық! Мынау нағыз манипуляция ғой! О заман да, бұл заман. Қазір халықтың деңгейі өскен”, “Достар, “Шай в большом городе” деген фильмге адам тарту үшін неше түрлі манипуляцияның жасалып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ Құралай ханымның “Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді” деген сөзіне құқықтық баға беріле ме? Заң аясында шара қолданыла ма?”, – деп жазған.
Ал кейбір қолданушылар психологтың үстінен е-Otinish-ке өтініш қалдырғанын жазған.
“Отанымды жемей деген сөзіне неге шара қолданбайды? Қарапайым халық болса, айыппұл төлетіп, түрмеге отырғызар еді. Заң бәріне ортақ! Шара қолданыңдар! Отан емес *ота* жеп көрсін ! Отанды теңейтін сөзді тауыпсың! Қолдасаң өзің қолдай бер, көзіне шөп салды деп көруге келмейтін киносын қолдайық па? Міндет қылатын сен кімсің? Зарланып дейді ғой, өзің зарлап қалма!”, “Шағымдандым. е-Otinish-ке арыз жазамын. Қасиетті отан сөзін қорлауға ешкімнің қақысы жоқ! Осының сасыған ақылын ақшаға алып жүргендер, сендерді құдай аясын!” – деп жазған.
Желі қолданушыларының сынынан кейін психологтың өзі халықтан кешірім сұрап, жазба жариялады.
“Мөлдірдің киносына шақыру жазбам тым қатты кетті, мойындаймын және кешірім сұраймын. Әйелдің кәсібін қолдауға үндеу жазғаным сол еді, хейттің астында қалдым. Мөлдірдің өзі әйелдердің кәсібін үнемі қолдап жүреді. Басқа елдің киносын үнсіз көріп келдік. Өзіміздікін де қолдасақ неміз кетеді? Рим бір күнде соғылған жоқ.10 әйелге Мөлдірдің киносына билет сыйлаймын!” – деп жазған ол.
Алайда қазақстандықтар сыни пікір жазуын әлі де жалғастырып жатыр.
“Айтылған сөз атылған оқпен тең! Жазбаңызды өшіріп тастасаңызда көп адам көрдік. Құралай ханымның, отанын жемей шағым түсірейік. Біз сияқты қолынан түк келмейтін, дым бітірмеген, диванбатырларды қашанға дейін соңғы тиынына дейін сорады. Халықтың арқасында көтеріліп алып, енді отанымды жеме деп отыр”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Тұрсынбек Қабатовтың экс-әйелінің фильмін сынап тастағаны хабарланған еді.
Еске салайық, продюсер Мөлдір Мұқанова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен заңды түрде ажырасып кеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, 14 жыл бұрын әзілкештің көңілдесі пайда болған. Сондай-ақ продюсер Тұрсынбек Қабатов балаларын бұғаттап қойғанын айтты.
Продюсердің сұхбатынан кейін желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовқа бойкот жариялауға шақырды. Оған қоса, Желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовтың Instagram желісіндегі парақшасында түрлі пікір қалдырып жатыр.
Кейінірек Тұрсынбек Қабатов экс-әйелінің сұхбатына жауап берді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады