Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық өндірушілер шеттеп қалды: Ақтөбе дүкендерінде Ресейдің арзан тауарлары көбейген

Ақтөбедегі дүкен сөрелерінде Ресейдің арзан өнімдері көбейіп келеді. Себебі көрші мемлекеттегі тауар өндірушілер санкция салынған соң азық-түлігін Қазақстанға жаппай арзан бағада өткізіп жатыр. Әлбетте құны қолжетімді өнімге сұраныстың артатыны да анық. Бірақ сөрелерде толған Ресейдің азық-түлігі отандық өндірушілердің тауарын ысырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

тауар
Дүкендерде Ресейдің арзан тауарлары нкөбейгендіктен, отандық өндірушілердің тауары шеттеп қалған. Кәсіпкерлердің айтуынша, ірі сауда желілері де сапа емес, алдымен бағаға мән беріп отыр екен. Сондықтан отандық өнімге Үкімет қолдау көрсетсе дейді.  

“Ресейдің сүті, басқа да өнімдерінің Қазақстанға келуі өте қауіпті. Неге десеңіз өткен жылдан бері санкция салынып, жиналып қалған тауарлары бізге арзан бағамен келіп жатыр. Қаражаты тапшы халық тауардың сапасына емес бағасына қарайды. Сондықтан тауар өндірушілерге Үкіметтен қолдау керек”, – деді “Сүт өнімдерін өндірушілер” қауымдастығының өкілі Сағынғазы Құрманалин.

Мәселен, Ақтөбеде Ресейден әкелінген 5 литрлік күнбағыс майының құны 2500-2800 теңгеден сатылады. Ал қазақстандық өнім үшін 3800 теңге төлеу керек. Саудагерлердің сөзінше, Жамбыл облысында өндірілетін қанттқа қарағанда Ресейдің арзан өнімі көп өтімді екен.  

“Сүйық майлар біздікіне қарағанда арзан. Сапасы жаман емес жақсы, өзіміз үйге қолданып отырмыз. Қазір бізге тауарды Ресейден жеке кәсіпкерлер әкеледі. Бұрынғыдай фирма емес”, – деді саудагер Жансая Ибаримова. 

Отандық тауар өндірушілер шикізаттың көбін шетелден алғандықтан, бағасы сапасы төмен өнімдермен салыстырғанда қымбат көрінеді. Ал тұрғындар бірінші өнімнің сапасына емес, бағасына қарайды дейді. 

Ал экономистер импортқа тәуелділікті азайтып, тек өзімізде өндірілмейтін өнімдерге басымдық берілу керек дейді. 

“Ресейден импортталатын тауарлардың көбеюі Қазақстан үшін, оның ішінде іргелес жатқан Ақтөбе үшін отандық өнімдерден арзан болуы жергілікті тауар өндірушілер үшін кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан тек өзімізден шықпайтын өнімдерге ғана басымдық бергені дұрыс деп есептеймін”, – деді экономист Ботагөз Дүйсенбаева. 

Мәселен соңғы бес айда Ақтөбе облысына Ресейден 280 миллион долларға 700 миллион тоннадан астам өнім импортталған. Оның ішінде ет, сүт, макарон өнімдері және көкөніс пен ұн бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға көп. 

Талқылау