Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ота жасау үшін 60 мың доллар керек: Екі жасында беті күйіп қалған суретші бала халықтан көмек сұрайды

Әбдірахман Исмағұловтың екі жарым жасында үйдегі газ жарылып, беті мен қолы толығымен күйіп қалған. Содан бері бала далаға шығудан қалыпты. Көп балалы отбасы Әбдірахман қысылмай мектепке барсын деп Орал қаласынан Түркістан облысындағы шағын ауылға көшуге мәжбүр болған.

Бұл туралы “Пендеміз ғой” бағдарламасында айтылды.

12 жыл бұрын Орал қаласында болған оқыс оқиға шахар тұрғындарының жағасын ұстатты. Жаңадан салынып жатқан үйде жарылған газ құбырынан зардап шеккен әйел мен нәрестенің өмірі дәрігерлер бар күшін салып арпалысты. Сол кезде небәрі екі жастағы Әбідрахманның денесінің 40 пайызын күйік шалды. От сәбидің ашық тұрған жерлерін, беті мен қолын күйдіріп, жеткіншектің тәні ғана емес, жүрегіне де жара салды. Оның бұдан кейінгі өмірі өзін толыққанды адам санауы үшін арпалас болды.

“Балам ауруханада екі ай жатты. Аяғының терісін алып бетіне салды. Кейін ес біле бастағанда бәрін түсінді. Көшеде бәрі қолымен көрсетіп, нұсқап, қашып жатады. Балам оған мән бермеуге тырысады. Ал маған өте ауыр болды. Менің жүрегім ауырады”, – деді анасы. 

Әбдірахман бала күнінен сурет салуға құштар. Алайда портрет салғанды ұнатпайды. Мүмкін оған жүрегінің түбінде жатқан жара да себеп шығар.

“Суреттерімді желіге сала бастадық. Менен сатуды сұрай бастады. Сосын жұмыстарымды сату туралы идея туды. Ресейге, шетелге көп кетеді. Кейде тапсырыспен саламын”, – деді жас суретші. 



Израиль дәрігерлерінің күйік шалғандарға арналған емін фантастика деуге де болады. Олар адамның өз терісін арнайы әдіспен созып, өзіне жалғаса ғана ол азғаза толық төселеді екен. Жаңа тері еш тыртықсыз баламен бірге өседі. Ер жеткенде тіпті сақал мен мұрт та пайда болады. Бірінші отадан өтіп, оның нәтижесін көрген суретші отаның екінші кезеңіне де толық дайынмын дейді. 

“Израильге барып отаның бірінші кезеңін жасадық. 4 кезеңнен тұрады. Балам 4 ай сонда болды. Отаға 67 мың доллар кетті. Суреттер саттық, ақша жинадық, достарымыз туыстарымыз көмектесті. Солай мен күткеннен де жақсы нәтиже болды. Енді үш кезеңі бар. Бірінші отадан кейін  баламның көңіл-күйі көтеріліп кәдімгідей күле бастады. Көшеде еркін жүретін болды. Маған керегі де сол”, – дейді анасы Айнұр Исмағұлова. 

Анасының айтуынша, ұлы өте жуас бала. Алайда жігері жасымаған. Алған бетінен қайтпайды.

Анасы Айнұр ханым қалған үш отаның әрқайсысы үшін 60 мың доллар керек дейді. Ондай қаражаты болмағандықтан көпшіліктен көмек сұрайды. Осы жылдың қараша айында отаның екінші кезеңін өткеру керек. Егер керекті қаражат жиналса, әрине.

Қазір жеткіншектің өзі желідегі парақшасында суреттерін сатып жүр. Картиналарының құны 20 мың теңге мен 50 мың теңге аралығында. Сұраныс та жоқ емес. Тек отаға дейін уақыт тығыз. Түрлі қорлар мен есімі елге белгілі адамдардан да қолдау бар. Алайда осы күнге дейін тиісті қаржының тек жартысы жиналыпты. Отбасыны ендігі үміті қайырымды жандарда. 

“Мұның бәрі сынақ деп ойлаймын. Қиындық бекер емес. Артында бір жақсылық бар шығар”, – дейді анасы. 

Ұлы беті мен қолы жазылып, анасының да күйген жерлері жазылып кетсе деп армандайды. 

Талқылау