"Қазақстанның халық әртісі" атағын көздеп жүрген сияқты": Өскемен қаласының әкімі тұрғындарға ән шырқап берді (видео)
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар орталық алаңда тұрғындарды қала күнімен құттықтап, ән шырқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мерекелік шара барысында Республика алаңында ашық аспан астындағы караоке ұйымдастырылған. Мүмкіндікті пайдаланған қала басшысы "МузАрт" тобының "Сен келерсің" әнін орындаған.
Желіде қала әкімінің айтқан әнінің видеосы пайда болды. Кадрлардан әкімнің айтқан әніне вальс билеген жастар мен жиналған тұрғындарды байқауға болады.
Желі қолданушыларының бір бөлігі әкімді қолдаса, енді бірі оны Түрікменстанның экс-президенті ГурГурбангулы Бердімұхамедовке ұқсатты.
“Өте жақсы әкім!! Халық үшін жасап жатқан істеріңізге рақмет. Әкіміміз әрқашан халықпен бірге! Жақсылық Омар ең жақсы әкім”, “Жарайсың! Халықпен бірге жүрген әкімді бірінші рет көріп тұрмын! Басқа әкімдер күзетшілерімен жүреді. Оларға жолай алмайсың, тіпті”, “Көреалмағандар тұз жалаңдар көмек болар. Біздің қазақтың жігіттері мықты болып келеді атам заманынан!”, “Тақсырымыз ән де айта алады екен. “Хоккей", "футболдан" спорт шебері атақтарынан бөлек, "Қазақстанның халық әртісі" атағын көздеп жүрсе керек. Түрікмен Башыны үлгі етіп жүрген сияқты”, “Сондай-ақ ол шебер әнші. Бұдан бөлек, хоккей ойнайды, жол салады және гүлзарлар отырғызады! Қандай дамыған, жан-жақты тұлға! Әкiмнен жолымыз болды!”, – деді олар.
Айта кетейік, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметіне 2018 жылдың 20 тамызында тағайындалған еді. Оған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.