Өртеніп кеткен Алматы әкімдігінің ғимаратын мәслихат депутатына тиесілі құрылыс компаниясы жөндеп жатыр – БАҚ
Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп кеткен Алматы әкімдігінің ғимаратын "Атрикс-Строй" құрылыс компаниясы қалпына келтіріп жатыр. БАҚ бетінде жарияланған ақпаратқа сәйкес компанияға мәслихат депутаты Әміржан Нәбиев иелік етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда мәслихат құрамындағы 38 депаутаттың 6-ы қала билігімен келісімшарт жасасқан. Ақпаратқа сәйкес шарт аясында қала бюджетінен ең көп қаржы алатыны Әміржан Нәбиев екен.
Shishkin_like Telegram-арнасы ұсынған мәліметке сәйкес Нәбиев 20 жылдан бері "Атрикс-Строй" құрылыс-жобалау компаниясының бірінші төрағасы қызметін атқарады және компания иелерінің бірі. 2013 жылы "Нұр-Отан" (қазіргі Amanat) қатарына қосылған ол 2014 жылы Алматы мәслихатына сайланған.
Осы уақыттан бастап "Атрикс-Строй" компаниясының әкімдіктегі басқармалармен жасаған келісімшартының құны 13,5 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал ең үлкен мемлекеттік шартты 2022 жылдың сәуірінде жасасқан. Келісімшарт құны – 10,3 миллиард теңге.
Шартқа сәйкес компания Республика алаңындағы әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге міндеттеледі. Келісімшарт құны өзгеруі мүмкін, себебі мемлекеттік сараптама мен жобалық-сметалық құжаттар дайындалған соң ғана сома нақтыланады.
"Атрикс-Строй" компаниясы 2017 жылдан бері қалалық құрылыс басқармасымен жұмыс істейді. Барлығы 6 келісімшарттың тек 2-і ғана бәсеке негізінде, ашық байқаудан кейін жасалған. Компания мемлекеттік сатып алу арқылы Алмалы ауданындағы спорт кешенін және "Қарасу" шағынауданындағы мектепке қосымша нысанды салған. Балаларға жедел медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімі үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, құрылысы кезінде авторлық бақылау жүргізген. Жібек жолы мен Панфилов көшелеріндегі, Астана алаңындағы тұрғын үй-азаматтық нысандарды өзгертуге қатысқан.