Орталық Қазақстан археологтары жер астынан пирамида тапты (фото)
Қарағанды облысында археологтар қазба жұмыстары барысында құпиялы пирамида тауып алды. Жер астынан табылған жәдігер қола дәуіріндегі белгілі ақсүйекке тиесілі болуы мүмкін. Алайда ол жерден адамның сүйектері табылмады.
Бұл туралы Қазақстан жаңалықтары хабарлады.
Беғазы-дәндібай мәдениетінің ақсүйектер өкіліне тиесілі болған пирамида Қарағанды облысының Шет ауданынан табылды. Бұл туралы археологиялық экспедиция жетекшісі Игорь Кукушкин айтты.
Өнердің бірегей туындысының табылғанына аса көп болмаған. Археологтар екі айдан бері тарихи жәдігер табылған орында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда аймақты тазалау жұмыстары аяқталды. Археологтар пирамида табылған аймақтың дәл ортасынан қазба жұмыстарын бастады. Экспедиция жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты, Е.Букетов атындағы ҚарМУ-дің жанынан құрылған Сарыарқа археологиялық институтының жетекші ғылыми маманы – Игорь Кукушкин.
«Беғазы-дәндібай мәдениетінің пирамидті-сатылы пішіндегі, кесене типіндегі құрылым шамамен б.з.д. XIV-XII ғасырға жатады. Сондай-ақ, жәдігер сол замандағы ақсүйек өкіліне тиесілі болуы мүмкін. Қазір ортасынан бастап жерді қазып жатырмыз, ал бұған дейін пішінін көру үшін тазалау жұмыстарымен айналыстық. Орталығында не бар екенін әзірге білмейміз», — деді қазба алаңындағы Кукушкин.
Археология саласы маманының сөзіне сүйенсек, қазба орнынан қола пышақ, жебенің ұшы, инелер, керамикалық ыдыстар және үй жануарларының сүйектері табылған.
“Бұл бұған дейін Қазақстанда болмаған бірегей табыс. Осыған ұқсас бір шарбақты жәдігерлер бұрыннан бар, алайда мына пирамиданың бес-алты шарбағы бар. Яғни саты-сатымен пирамида құрылған. Мұндай объекттер саусақпен санарлық. Беғазы-дәндібай мәдениеті тек Қазақстан аумағында, оның ішінде орталық аймақта ғана орналасқан», — деп атап өтті археолог.
Қазба орнында әзірге адам сүйектері табылған жоқ. Алайда мамандар тауып қаламыз деп үміттенуде.
«Әдетте мұндай ескерткіштерді тонап кетеді. Кейде бізге де қалатын дүниелер бар. Әлі де үміттенеміз. Осы аптада жұмысымызды аяқтаймыз деп жоспарладық. Келесі жылы аталмыш жәдігер Қазақстанда реставрацияланатын объекттер қатарына қосылады деп үміттенеміз», – дейді Кукушкин.