Өрт әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде жиі кездеседі: өңір әкімдіктеріне мұндай үйлердің тізімін нақтылау тапсырылды
Фото: ҚР ТЖМ
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өрттің басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде болатынына назар аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мәселен, өткен жылыту маусымында өрттен қаза тапқандардың дені – зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар. Өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен және Еңбек министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылауды тапсырамын. Өңір әкімдіктері осы санаттағы адамдардың үйлерін ерекше бақылауда ұстап, оларға қажетті қолдау көрсетсін", — деді Премьер-министр.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов сонымен қатар тұрмыстық өртпен қатар газ баллондарының жарылу жағдайлары да тіркелуде екенін атап өтті.
ТЖМ мәліметі бойынша, былтыр осындай 70-тен астам оқиға болып, шашамен 90 адам зардап шеккен. Жарылыстардың негізгі себебі – тұрмыстық баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.
Бұдан бөлек, 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жыл бойы пайдаланылып келеді, бұларды дереу ауыстыру қажет.
"Осы күнге дейін пайдалану мерзімі өтіп кеткен тұрмыстық баллондарды алып қою және кәдеге жарату тәртібі әзірленбеген. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге газ баллондарының айналымын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
