Жолға балалар орындығын қалдырып, ішінде бала бардай көрсетеді: Желі қолданушылары қылмыс жасаудың жаңа түрі пайда болғанын айтты
Әлеуметтік желіде Ресейдің Төменгі Тагил өлкесінде соңғы уақытта қылмыскерлер адамдарды тоқтатып, шабуыл жасау үшін жаңа әдістер қолданып жатқаны туралы ақпарат тарады. Олар жол жиегіне бала орындығын қалдырып, ішінде жалған нәресте бардай көрсетеді. Адам тоқтап, тексермек болғанда қылмыскерлер шабуылдап, ұрып-соғып, тонайды немесе зорлық жасайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: chatgpt.com көмегімен жасалған
Ресейдің Төменгі Тагил тұрғындары ата-аналар мен көршілер чаттарында қалада түрлі қылмысты жоспарлап жүрген қылмыстық топтар бар деген хабарламалар ала бастады.
"Бейсенбі күні таңертең ауылдық жерде көлікпен жүргенімде, жол жиегінде көрпемен жабылған балалар автокреслосын көрдім. Қалай екенін білмеймін, бірақ тоқтамадым. Басыма түрлі ой келсе де, жүре бердім. Баратын жеріме жеткенде, полицияға хабарласып, олар бұл жағдайды тексеретінін айтты. Полиция маған тексеруден бұрын-ақ кеңес берді", – деді жазба авторы.
Автордың сөзінше, қылмыстық топтар адамдарды, әсіресе әйелдерді көлігін тоқтатып, сыртқа шығуға мәжбүрлеу үшін түрлі айла ойлап тауып жатыр. Балалар автокреслосы көбіне орманның немесе ашық алқаптың жанына қойылады.
"Әйел тоқтап, баланы тексеруге тырысқанда, оны орманға сүйреп әкетіп, ұрып-соғады. Кейін зорлап, өлтіріп кетеді. Ал егер бұл ер адам болса, оны ұрып-соғып, тонап, сол жерге қалдырады", – делінген жазбада.
Хабарлама авторлары тағы бір "жаңа әдісті" айтады. Қылмыскерлер трассада көліктің әйнегіне тауық жұмыртқасын лақтырады. Жүргізуші әйнекті сүрту үшін тазалағышты қосқанда, жұмыртқа суға араласып, әйнекті бұлдырлар тастайды. Көру мүмкіндігі 92,5%-ға дейін азайып, жүргізуші тоқтағанда оған шабуыл жасалады дейді құзырлы орган өкілдері.
Айта кетейік, мұндай "қорқынышты әңгімелер" интернетте 2000 жылдары да тараған еді. Бұл трендті алғашында АҚШ-та әзілкештер бастап, кейін Еуропа тұрғындарын үрейлендірген.
Мұндай жағдайлардың елімізде болған-болмағанын нақтылау мақсатында Алматы және облыстардағы полиция департаментеріне хабарласып көрдік.
"Мұндай мәтіндегі хабарламалардың түрлі чаттарда жүргенін көргенбіз. Бірақ дәл осы секілді жағдайлар біздің Алматы облысында тіркелмеді. Тіпті, естімедім. Бұлай дөрекі шабуыл жасайтындай қазір бұрынғы 90-жылдар емес. Ешкімнің дәті бармас-ау деп отырмын", – деді Алматы облысының баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек те қалада мұндай деректер анықталмағанын айтты.