Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Орденімді қайтарып беруге дайынмын”: Арыстағы әскери қоймадағы жарылыста жараланған әскери қызметкер биліктен көмек сұрайды

Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде жарақат алған әскери қызметкер биліктен көмек сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Әлеуметтік желіден

Арыс қаласындағы әскери бөлімде екі жылдан артық уақыт эфрейтор болған Жомарт Мұғал 2019 жылы әскери қоймадағы жарылыста ауыр жарақат алған қызмектерлердің бірі. Содан бері екі баланың әкесі үшінші топ мүгедегі атанып, жұмыстан босатылғанын айтады.

"Бес жыл бұрынғы жарылыс кезіндегі оқиға толықтай есімде жоқ. Бізді басшылық жарылыстан қалған снарядттарды жинауға жібергенін білемін. Төрт жігіт болып бардық. Сөйтіп ату құралдарының бірін көтеріп жатқанымда жарылып кетті. Есімнен танып, контузия болдым. Снаряд басыма дейін кіріп, қазір қалдығы қалған. Хал үстінде жатқанымда мені Алматыдағы госпитальға жіберді. Біршама уақыт емделдім. Сол кезде қорғаныс министрінің орынбасары Бектанов Мұрат келді. Жансақтау бөлімінде жатқанымда жағдайым жасалатынын, денсаулығымның барлығын қарайтынын, көмектесетінін айтқан. Бірақ, уәде орындалған жоқ”, – дейді Жомарт Мұғал.


Байзақтағы жарылысқа кінәлі деп сотталған сарбаздар 23 миллиард теңге төлеуге міндеттелді


Әскери қызметкерге бірер айдан соң үшінші дәрежелі "Айбын" ордені табысталыпты. Бірақ награда алған Жомарт марапатымен қоса жұмысынан босатылғанын айтады. Денсаулығының әлсіздігіне байланысты қызметтен кететінін білген ер адам басшылықтан уәде етілген өтемақыны күтіпті.

"Мен жарақат алған сәтте ата-анама басшылықтан көптеген уәде берілген. Осы оңтүстік өңірінің командирі генерал-мойор Каракулов деген кісі тікелей барған. Жағдайым жасалатынын, көптеген ақша бөлінетінін, пәтермен қамтамасыз ететінін айтып уәде берген. Бірақ, ол болған жоқ. Мен өз антыма адал болдым. Оған өкінбеймін. Бір өкінерім жастай бар денсаулығымды әскери полигонда тастап, қажетсіз күйде қалғаным”, – дейді Жомарт Мұғал.

Екі жарым жыл бойы Арыстағы әскери бөлімде жұмыс істеген Жомарт қазір жұмыссыз. Үшінші топ мүгедегі ретінде әскери қызметтен зейнетке шыққан. Оның өзіне соттасып жүріп қол жеткізген жігіт жәрдемақыны қосқанда 150 мың теңгеге шамасында қаржы алады екен. Жалдамалы пәтерде тұратын бұрынғы әскери қызметкердің екі баласы бар.

"Көшеге шықсам талып қала беремін. Талма ауруы осы жарылыстан кейін пайда болды. Денсаулығымды ешқандай кінәрат болмайтын. Екі баламды асырауым керек. Жұмыс іздесем бәрі мүгедек деген құжатымды көріп, бас тартады. Ешкімге керек болмай қалдым. Басымда снаряд қалдығы қалған. Содан басым жиі сырқырайды”, – дейді Жомарт.

Бес жылдан бері жігіттің қақпаған есігі қалмаған. Алайда жарылыстан зардап шеккен оған өтемақы сол күйі берілмепті. Өзіне берілген үшінші дәрежелі "Айбын" орденін қайтарып беруге дайынмын деген ол биліктен баспана мен қаржылай көмек сұрайды.

Еске салсақ, 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс болған еді.

Талқылау